АМАНАТТА АРДАГЕРЛЕР БАС ҚОСТЫ

Жуырда «АMANAT» партиясы аудандық филиалында Ауған соғысы ардагерлерінің қатысуымен келелі кездесу өтіп, онда қоғамдағы бүгінгі өзгерістер туралы сөз қозғалды.

Партияның «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында өткен кездесуді партия аудандық филиалының атқарушы хатшысы Мадияр Сәмбетов ашып, жүргізді. Жиында аудандық мәслихаттың депутаттары Алтай Стамқұлов пен Нұрлыкүл Әмірова, партияның Саяси кеңес мүшесі Сансызбай Махамбетқұлов сөз алып, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арналған Жолдауындағы негізгі міндеттерді, әлем елдерінде орын алып жатқан оқиғаларды кеңінен әңгімелеп, елдің егемендігі мен ауызбіршілігі қарға тамырлы қазақ халқының ең асыл қасиеті екенін салмақты сөзбен сабақтады.

Ал, аудандық Ауған соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы Ерғазы Әлжанов бүгінде жасөспірімдердің әскери міндетін орындау үшін ең алдымен олардың Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыру керектігін айтты. Оның айтуынша, мектеп қабырғасында алғашқы әскери дайындық сабағының жұмысын жетілдіру, онда қару-жарақтардың шынайы үлгілерін тәжрибе арқылы көрсету, оқ-дәрілерді қолдану ретімен таныстыру жастардың Отанға деген сүйіспеншілігін арттыратынын алға тартты. Сондай-ақ жиында ардагерлер аудандағы емдеу орталықтарында Ауған соғысы ардагерлерін кезексіз қабылдап, медициналық көмек көрсету бойынша бірқатар ұсыныс-тілектерін алға тартты.

Кездесуді қорытындылаған Мадяир Әбілханұлы ардагерлер тарапынан айтылған өтініштерді назарға алып, тиісті шаралар қабылдауға жұмыс жасайтынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.