Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевты Исатай мен Құрманғазының рухынан ұялуға шақырды. Депутат министр берген уәдені өтірік әңгімеге теңеді.
Мәжілісте үкімет сағатына келген Қайырбек Өскенбаев батыс өңірде жалпы ұзындығы 736 шақырым «Ақтөбе-Атырау-Астрахань» автожолы қайта жаңартылып жатқанын айтқан. Оның ұзындығы 96 шақырым «Ақтөбе – Қандыағаш» учаскесінің 52 шақырымында бүгінгі күні қозғалыс ашылған.
«Жылдың соңына дейін 44 шақырымда (екі жолақты) аяқтап, Алға қаласы, Бештамақ ауылы және Қандыағаш қаласын айналып өту жолдарынан өзге барлық жолдарды ашамыз. Осы жобаны толық 2023 жылы аяқтаймыз», — деген министр.
Алайда Өскенбаевтың бұл уәдесі депутат Берік Дүйсенбиновтың ашуын туғызған сыңайлы.
«Егер сізге (Өскенбаевқа қарата) ол жерге бару қиын болса, біз кеше ғана сол жерден келдік. Осы сенбі-жексенбі күні Атырау-Астрахань жолын өз көзімізбен көріп, өз аяғымызбен жүріп қайттық. Түнде келдік. Сіз айтып отырған уәде – 2023 жылы бітіреміз деген өтірік әңгіме. Жолдың үстінде жұрттан қалған арба секілді әр жерде бір каток тұр. Қайнап жатқан жұмысты көрген жоқпыз. Сіз айтып отырған 60 шақырым автокөліктер сынған көліктерін жөндеу үшін тоқтайды. Жүру үшін емес! Жолмен жүріп келе жатсаңыз, бір ғасырдан артық уақыт мұнай өндіріп отырған, алтын қазған ел соның пайдасын көрген жоқ. Жолдың бойымен келе жатып Исатайдың жанына өтесіз. Тұщы бұлақтың қасынан, батырлардың, Құрманғазының қасынан өтесіз. Солардың аруақтарынан ұят болды. Қай жылы бітеді жол? Нақты жауап беріңізші», — деп сұрады министрден депутат.
Министр депутаттың бұл уәжіне берген жауабында «ол жақта мен болмадым» деген сөзді айтпауды өтінді.
«150 шақырымы биыл бітеді. 117 шақырымы келесі жылы бітеді. Мен болмады деп айтуға болмайды. Осында отырған депутаттармен бірнеше рет болдық. Орынбасарым айына бір рет барады», — деп ақталды ол.