Хиджабын шешкен қыз қылмыстық қудалауға ұшырағалы жатыр

Ирандық альпинист Эльназ Рекаби Сеулде өтіп жатқан Азия чемпионатында хиджабсыз өнер көрсетті. Бұл оның әлемдік наразылыққа қолдау білдіргенін көрсетті. Енді ол өз елінде қылмыстық қудалауға ұшырамақ, деп хабарлайды Asa.Aqpara агенттігі Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Hindustan Times басылымның хабарлауынша, бұл ирандық спортшының басы жабылмаған күйінде 43 жылдағы алғашқы өнер көрсетуі. 1983 жылы қабылданған Иран заңына сәйкес, қоғамдық орындарға хиджабсыз шығу үшін бас бостандығынан айыру жазасы және айыппұл салу көзделген.

Рекаби бұл қадамға 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін басталған жаппай наразылықтарға қолдау көрсету белгісі ретінде барған. Махса хиджабты дұрыс кимегені үшін ирандық “ар-ұят» полициясы тарапынан соққыға жығылған еді.

2022 жылғы Азия чемпионатында Рекаби төртінші орын алды. Еске салсақ, Аминидің өліміне қатысты наразылықтар қыз жерленген күні 16 қыркүйекте басталып, бірнеше қалаларды, соның ішінде астана Тегеранды да қамтыды. Өз кезегінде, Иран полициясы Аминидің өліміне қатысы бар екенін жоққа шығарып, қыздың полиция бөлімшесінде кенет есінен танып қалғанын және физикалық зорлық-зомбылық көрмеген деген желеумен бейнебақылау камераларынан түсірілген бейнелерді жариялады. Алайда Аминидің ата-анасы қызының денсаулығында ешқандай проблема болмағанын айтқан.

 

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.