500-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды
Кеше облысқа жұмыс сапарымен келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев облыс әкімі Нұржан Нұржігітовпен бірге «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болып, минералды тыңайтқыштар шығаратын жаңа желінің ашылуына қатысты.
Серіктестік мәліметінше, өндірісті кеңейту жобасы аясында зауыт жылына 500 мың тонна аммофос өндіретін болады. Осылайша кәсіпорын минералды тыңайтқыштар өндірісін жылына миллион тоннаға дейін ұлғайтып отыр.
«Казфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры Евгений Шибановтың айтуынша, зауыттың жаңа желісіне салынған қомақты инвестиция мультипликативтік нәтиже береді екен.
– Жобамыздың сәтті жүзеге асуы – бұл өндіріс қуатын, қазынаға салық түсімдерін ұлғайту ғана емес, сонымен қатар, компанияның және жалпы еліміздің экспорттық әлеуетін арттыру мен ауыл шаруашылығын жоғары сапалы тыңайтқыштармен қамтамасыз ету деген сөз. Сондай-ақ жобаның арқасында жаңа жұмыс орындары ашылды. Бұл әрқашан біз үшін басымдық болған және болып қала береді, – деді Евгений Шибанов.
Бүгінгі таңда серіктестік 7 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтып отыр. Аммофос өндірістік цехының басшысы Самат Пашикеевтің айтуынша, қазірдің өзінде 500-ден астам жаңа жұмыс орындары ашылып, штаттық орындар толтырылуда. Жаңадан қабылданған жұмысшылар істеп тұрған өндірісте оқытылып, жаңа желіде жұмыс істей бастады.
Жалпы «Казфосфатта» зауытты жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Кәсіпорынның өндірістік қуаты, экспорт көлемі ұлғаюда, барлық негізгі құрал-жабдықтарды жаңалау және күрделі жөндеу бағдарламасы сәтті жүзеге асырылуда.
Отандық шаруаларды қолдау бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылды. «Қазфосфат» АҚ мен ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі арасында аммофос бағасын 2022-2024 жылдарға бекіту туралы меморандумға қол қойылды.
Меморандум шарттарына сәйкес «Қазфосфат» отандық ауылшаруашылық тауар өндірушілері үшін аммофос бағасын көтермеуге міндеттенді.