Күні кеше төрткүл дүние Қазақстанға көз тікті. Демократиялық жолмен өткен сайлаудан ел азаматы ретінде мен де тыс қалмадым. Менің ойымша бұл сайлау Қазақстанның саяси жүйесін толығымен қайта құру жолындағы маңызды қадам болды. Ішкі істер органдарының ардагері ретінде мен елдегі қандай да болмасын саяси оқиғалардан тыс қалып көрмеппін. Аудан көлемінде Президенттің бастамаларын, Жолдауларын, Үкімет бағдарламарын үнемі насихаттап түсіндіріп жүремін. Сондағы байқағаным, халық бүгінгідей бейбіт те тыныш мемлекеттің өсіп-өркендеуіне үлестерін қоса беретіндіктерін айтады. Бұл жолы да халық өз таңдауын жасады. Жаңа Қазақстанның болашағына дауыс берді. Сәйкесінше аудан бойынша әр сайлау учаскесінде арнайы бекітілген заң қызметкерлері де аяқтан тік тұрып қызмет етті. Саяси науқан күні мен Полатқосшы ауылдық округіндегі сайлау учаскесінің тәртібі мен толықтай қауіпсіз өтуіне жауап бердім. Облыстық полиция департаменті жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералин, аудандық полиция бөлімінің бастығы Асылхан Заурбеков, аудандық полиция бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Әлімқұловқа ерекше алғысымды айтқым келеді. Аталған азаматтардың саяси науқанның жоғары деңгейде өтуіне, қандай да бір құқық бұзушылықтың орын алмауына қосқан үлестері зор.
Ұрпағымызға гүлденген үстіне гүлдене түскен Қазақстанды көруді тілеймін. Еліміз әрқашан аман болсын, тыныштық мәңгі салтанат құрған заман болсын. Бастысы – осы.
Сәпілмәлік ТӘЖИЕВ,
ҚР ІІМ еңбегі сіңген қызметкер, Жамбыл ауданының Құрметті азаматы, Полатқосшы ауылдық ақсақалдар кеңесінің хатшысы.
Prev Post