Полиция қызметкері – халықтың қорғаны. Қылмысты ашуда, заңсыздықтың жолына тосқауыл болуда қосқан полиция қызметкерлерінің еңбегі көп.. Бүгінде тәртіп сақшыларын елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтауда қалтқысыз қызмет атқаруда. Полиция қызметкері болу – екінің бірі қол жеткізе бермейтін мамандық. Сондықтан, құқық қорғау қызметкерлерінің қызметі жүйелі болуы үшін оның әлеуметтік қорғалуы да басты назарда болуы шарт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған таяудағы Жолдауында «Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу» дей келе, құқық қорғау органдарын реформалау мәселесіне назар аударып, тәртіп сақшыларына жауапкершілікпен сенім артты.
Осы орайда полиция қызметкерлері ауыл халқына адал қызмет етеді деген сеніммен ауданымыздағы үш елді мекенде: Айшабибі, Бірлесу-Еңбек, Аса ауылында жаңа учаскелік тірек пунктері пайдалануға берілді. Бой көтерген бұл жаңа учаскелік пункті полиция қызметкерінің әлеуметтік мәселесін реттеп қана қойған жоқ, тиісінше құқық қорғау саласының қызметкері халықтың тыныштығына баса назар аударуына қолайлы орта жасады.
Алғашқы болып Айшабибі ауылында пайдалануға берілгелі отырған тірек пунктіне Жамбыл облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бауыржан Үдергенов пен аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы арнайы келіп, ауылдықтарды құттықтады.
Ашылу салтанатында сөз алған Бауыржан Арынұлы:
– Полиция қызметкері болу үшін білім де, білік те керек. Сабыр, төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшаңдық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілеті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, азаматтармен тіл табыса білуі, сыпайылық таныту да аса маңызды. Бүгінде жергілікті әкімдіктің қолдауымен заманауи үлгідегі пункті учаскелік полиция инспекторына берілгелі отыр. Ендігі кезекте тәртіп сақшысының жұмысын жетілдіруге жағдай жасалғанымен жауапершіліктің жүгі ауырлайтынын, ауыл тыныштығын басты назарда ұстау керектігін инспекторларымыз ескеруі тиіс, – деген ол облыстық Полиция департаменті және Ұлттық ұлан ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрдалы Шералинмен бірге жаңа нысанның кермесін қиып, қызметтік және отбасылық бөлмелерді аралады. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы жаңа нысанды «B-grass» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізгенін, тұрғынжай 6 бөлмеден тұратынын, керекті жабдықтармен қамтамасыз етілгенін атап өтіп, үш нысанның әр қайсысына 27 млн 742 мың теңгені жұмсалғанын айтты.