Барша ел азаматтарына белгілі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы өзінің Жолдауында «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертіп, шағын және орта бизнесті мейлінше дамытып, қолдау білдіретінін атап өтті.
Сонымен қатар, алдағы уақытта мемлекет тарапынан қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән беріліп, негізгі талапқа сәйкес еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетілетінін Жолдауында тайға таңба басқандай айтты Осы орайда ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тарапынан да өңірлердегі еңбек жағдайларына тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде.Министрліктің, облыстың еңбек тәуекел картасы бойынша біздің аудан «қалыпты» жасыл аймақта орналасқан. Бұл жұмыстардың үйлесім табуы мақсатында Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының аудандағы ірі кәсіпорын, шағын және орта бизнес өкілдерімен кездесуінде дәйекті мысалдармен келтіріп, Жолдаудағы негізгі басымдықтарға тоқталып өтті. Күн тәртібі бойынша жиында аудандағы еңбек жағдайлары, еңбек даулары мен шиеленістерінің алдын алу бағытында атқарылған шаралар және ҚР Президентінің 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан Халқына Жолдауынан туындайтын міндеттер туралы мәселелер қаралды. Сондай-ақ өзара тиімді ынтымақтастық пен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында «КнауфГипсТараз», «Бином», «Амангелді ГӨЗ», «Винзавод Южный», «Аса агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінің басшылары аудан әкімдігімен екіжақты меморандумға қол қойды.
Жиын соңында Ерлан Қыдыралыұлы еңбек қатынастары саласындағы негізгі көрсеткіштер бойынша ұжымдық шарттар мен меморандумдар қабылдау жұмыстары, әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, жазатайым оқиғалар мен өндірістік жарақаттанушылықтың алдын алу, жұмыскерлердің жалақысын көтеру, бейресми жұмыспен қамтылған тұлғалардың еңбек қатынастарын заңдастыру, көлеңкелі экономикадан шығару арқылы халықтың әлеуметтік тұрғыда қорғалуын бірлесіп ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар аудан басшысы Жолдауда айтылған: «Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы Омбудсмен тағайындалады», деп Ел Президентінің сөзін келтірді.