Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің тұрғындармен кездесулері жалғасуда.
Айта кетейік, бүгінге дейін облыстағы түрлі деңгейдегі әкімдер халықпен 820-дан астам кездесу өткізсе, оның 23-і облыс әкімінің қатысуымен ұйымдастырылған.
Осылай аймақ басшысы Жамбыл ауданының тұрғындарымен кездесіп азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдады.
Басқосуларға облыстық құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.
Облыс әкімі алдымен Аса ауылдық округінің тұрғындармен кездесті.
Нұржан Нұржігітов ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы міндеттер мен тапсырмаларды жүзеге асыру барысына тоқталды. Аймақ басшысы Жолдаудағы «Жаңа экономикалық саясат», «Нақты секторды дамыту», «Ел болашағына арналған стратегиялық инвестиция», «Мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту», «Заң және тәртіп» секілді негізгі бағдарларға жеке-жеке назар аудартып, олар бойынша өңірде атқарылуы тиіс жоспарлы-жұмыстарды атап өтті. Бұл шаралар экономиканы сапалы дамытуға және халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік ашып отырғандығын жеткізді.
Кездесуде ауыл тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Олар негізінен ағын су, газ тарту, жер телімін беру, қант қызылшасын өсірушілерге қолдау, күл-қоқыстарды жинау және тағы басқа мәселелерді көтерді.
— Суармалы су мәселесін шешу бойынша облыста ауқымды шаралар атқарылып жатыр. Бұл бағытта Халықаралық даму банктерінің мүмкіндігін пайдалана отырып, бірнеше бағытта жұмыстар жүргізілуде. Аудандардағы каналдар мен ұңғымар жөнделіп, қалпына келтірілуде. 6 су қоймасын салу жоспарланған.
Біз жерасты суларын да тиімді пайдалануға баса мән беруге тиіспіз. Бұл орайда ұңғымалардың мүмкіндігіне жүгіну маңызды. Су үнемдеу технологияларын да көптеп енгізуге ден қойған дұрыс. Сонда ғана аймақтағы 180 мың гектар суармалы алқапты ұтымды ұқсата алар едік,-деді Нұржан Нұржігітов. Облыс әкімі басқа да сауалдарға жауап бере келе отырып, өңірдегі оң өзгерістерді тілге тиек етіп, түйінді мәселелерді де ашып айтты. Дәл осындай кездесу Гродеково ауылдық округінде де өтті. Гродековалықтар бірқатар мәселелерді көтеріп, оның шешілуі жолдарынан хабар алды. СОндай-ақ кездесу соңынан облыс әкімі жергілікті тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдау өткізді.