Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке әлеуметтік азық-түлік бағаларының шекті бағадан аспауы қажеттігін тапсырған болатын. Тапсырмаға сәйкес, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аудандағы бірқатар кәсіпкерлік нысандарға, азық-түлік дүкендеріне, сауда орталықтарына арнайы барып, баға тұрақтылығымен бірге санитарлық-гигиеналық талаптардың сақталуына айрықша көңіл бөлді. Дүкен иелерімен әңгімелесіп, азық-түлік бағаларын сұрады.
– Шекараны да, ұлтты да таңдамайтын аты жаман дертті жұқтырғандардың қатары қайтадан көбейе бастады. Қалтаның қамынан бөлек, қараша халықтың, тұрғындардың өмірін бірінші орынға қойуымыз керек. Барлығымызды үйде жақындарымыз, отбасыларымыз жолымызды тосып, амандығымызды тілеп отыр. Халық саулығын қатерге тігуге болмайды. Кез келген тұтынушыны бетпердесіз қабылдамауларыңызды сұранамын. Арнайы сұйықтықты бас сұққан әрбір азаматқа ұсыныңыз. Сондай-ақ тұрғындар үшін күнделікті қолданыстағы азық-түліктің қажеттілігін айтпасақта түсінікті. Оның шекті бағадан көтерілмеуіне назар аударыңыз. Жақындарымызға өзімізден басқа жанашыр жоқ, – деді Ерлан Қыдыралыұлы.
Аудан әкімінің нысандарды аралау барысында аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, аудан әкімдігі кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы Бауыржан Төлендиев, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімі басшысының міндетін атқарушы Сәуле Төлекова бірге жүрді.
Халықаралық сарапшылардың мәлімдеуінше, тұрғындар көп шоғырланатын орындарға бармау, бетпердені тағу, антисептикті жиі қолдану дертті ауыздықтаудың тиімді әдісі болып отыр. Ал осы ережелерді қараша халыққа құлағдар ету, түсіндіру – ортақ іс. Біз санитарлық-гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, мемлекетіміз қабылдаған шаралар мен медицина қызметкерлерінің нұсқаулықтарына бойұсыну арқылы індетті ауыздықтаймыз. Тұрғындардың саулығы үшін бүгінде кәсіпкерлік нысандарға, жұртшылыққа жаднама парақшалары таратылып, мейлінше бетперде тағу қажеттігі айтылып жатыр. Рейд жұмыстары мына дерт толығымен жойылмайынша жалғаса бермек.
Дейтұрғанмен, сауда орталығында бетперде режимі сақталмаса, антисептик болмаса, мұндай дүкеннің қараша халыққа қажеті қанша?! Кәсіпкерлік нысаннан әлемді әлекке салған індеттің белгілері анықталып, адамдарға таралатын болса, айыпты кімге тағамыз. Әрине, көпшіліктің денсаулығына атүсті қараған дүкен иесіне. Сондықтан өткен қателікке бой алдырмау үшін, сақтық шараларын сақтайық, әлеумет.