Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Жолдауларында елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсу мен қамту керектігін тапсырған болатын. Бүгінде Жолдау жүутеген тапсырмалар жамбыл ауданында сәтімен жүзеге асырылуда. Мәселен, аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан Сеңгірбай ауылында 15 түтін бар. Ауыл болып қалыптасқалы тұрғындар жерқұдық арқылы сапасыз ауызсуды пайданып келеді. Дәл осындай көріністі 36 ауласы бар Әулиеккөл ауылынан да кезіктіруге болады. Тұрғындар пайдаланатын ауыз судың сапасы төмен. Аудан басшылары аталған ауылдарға арнайы барып, жеке модульдік қондырғыларын орнату арқылы ауыз сумен қамту жүйесінің жұмыстарын көріп шықты. Бүгінде жұмыстар аяқталуға жақын. Қондырғылары орнатылып, сырты қоршалған нысандар жыл соңында қолданысқа беріледі.
– Мемлекетіміз ауыл-аймақтың әлеуетін көтеру үшін кешенді жоспарларды қолға алуда. Елді-мекенді жер көлемі мен халық санына орай алалау жоқ. Бұдан бөлек Көлқайнар мен Құмсуат ауылдары да жеңілдетілген жолмен тіршілік нәріне қол жеткізетін болады. Жұмыстар аймақ басшысының назарында. Ел игілігіне арналған жұмыстар сапалы әрі уақытылы аяқталуы керек, – деді Ерлан Қыдыралыұлы мердігер өкілдеріне.
Көппен бірге көптен күткен жаңалық екенін әуликөлдік тұрғын Әбутәліп Сейілханов:
– Ауылға қоныс аударып келгелі сапалы ауызсудың дәмін татқан емеспіз. Амалсыздан жерқұдықтағы суды пайдаланып келеміз. Қала маңынан тасып ішетін тұрғындар да бар. Мінекей, бұл мәселеде өз шешімін тапқан сияқты. Арнайы сүзгілері де орнатылуда. Тіршілік нәрі 76 метр тереңдіктен шығарылмақ. Ат төбеліндей ауылға назар аударып отырған басшыларға алғысымды айтамын, — дейді ауыл тұрғыны бізбен әңгімесінде.
Жалпы, аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсеновтың айтуынша, аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз сумен (71,4 пайыз) немесе өңір тұрғындардың 88,8 пайызы (76028 адам) қамтылған.
– Бүгінде 12 елді мекен ауыз сумен қамтылмай отыр. Үстіміздегі жылы Бесағаш пен Түрксіб елді мекенінде ауыз су құбырының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Тағы 4 шағын елді мекен суды тазартудың жеке модульдік қондырғыларын орнату арқылы ауыз сумен қамтылады. Олар – Құмсуат, Сеңгірбай, Әулиекөл, Көлқайнар ауылдары. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге, қамтылу деңгейі 88 пайызға жетеді, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Сондай-ақ аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы сапарының соңында Қаракемер ауылында құрылысы жүріп жатқан ауыз су құбырының жай-күйін көріп, жауаптыларға халық қажеті үшін қолға алынған игіліктердің сапалы жасалуын қадағалау керектігін ескертті.