Президент Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі ауыл әкімдері ауыл-аймақтың тұрғындарымен кездесу өткізуде. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының халыққа есеп беру жиыны сәрсенбі күні Ерназар, Тоғызтарау, Өрнек елді мекендерінде өтті. Есепті кездесуге аудан әкімінің орынбасары, аудан прокурорының орынбасары, аудандық мәслихат депутаты, ауылдық округ әкімдері, дербес мекеме басшылары мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиынның алғашқы отырысы Ерназар ауылында басталды. Ауылдық мәдениет үйіне жиналған халықтың қарасы едәуір көп болды. Байқағанымыздай, биылғы есеп берудің форматы әдеттегі есепті кездесулерден бөлек һәм ерекше көрінді.
Жиында аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков пен аудан прокурорының орынбасары Сәкен Маратұлы халықпен ашық диалогқа барып, ел-жұртты толғандырып жүрген түйткілді мәселелердің түбін қопарып, шешілетін жолын қарастыруға бағыт бұрғанын байқадық.
Мақаламызда әкімдердің баяндамасын қайта жазып, жаттанды сандарға тоқталмай, кездесуде көтерілген маңызды мәселелерге тоқталсақ деп отырмыз. Ерназар ауылының тұрғыны Әбдіәшім Елшібеков газ жүргізу жұмыстарының жайын сұраса, Қайсар Омархаев көшесі шұрық-тесік жолдарға қашан тас төселеді деп базынасын жеткізді. Ал, Сайран Ормахаев ірі қараны арықпен суаруға Сұлукөл арқылы Базарбай мен Шиелі каналдарынан су әкелу туралы ұсынысын жеткізді. Аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Күдербайұлының сөзіне сүйенсек, бірінші мәселе бойынша бүгінде магистралды газ құбырына газ жіберу жұмыстары жүргізіліп, аяқталған жағдайда газ беріледі. Екінші мәселе бойынша Ө.Бегімханов, П.Қырбасов, Әбдіхайым, Ш.Тлебаев көшелеріне асфальт төсеу 2023 жылы жоспарланған. Ал, жоғарыда аталған екі канлға су әкелі жұмыстары аясында «ҚазСуШар» РМК облыстық филиалының «Аса» өндірістік бөлімшесімен келісім шартқа тұрып, заң аясында жұмыстар жүргізілуде.
Есепті кездесудің екінші жиыны Тоғызтарау ауылында жалғасты. Мұнда тұрғындар тарапынан айтарлықтай күрделі мәселе көтеріліп, сұрақ қойылмады. Тек сол әуелден айтылып келген түнгі көше жарығы мен секіртпе жол мәселесі сөз болды. Бұл мәселеге қатысты аудан әкімінің орынбасары заң аясында толыққанды жауап беріп, ұсыныс-пікірлерін назарға алды. Еске салайық, ауыл іргесінен қоныс тепкен 200 адамға шақталған мешіттің құрылысы аяқталуға жақын. Округ әкімі Нұраділ Төлековтың айтуынша, ауыл тұрғындары мен жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен салынған бұл нысан келер аптада қолданысқа берілмек.