Президент Қасым Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы Қарой, Полатқосшы ауылдық округтеріне барып, жергілікті жұртшылықпен кездесті. Әуелі аталмыш ауылдық округ әкімдерінің есепті баяндамасын тыңдады. Өз кезегінде үстіміздегі жылдың 10 айында аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталып, алдынғы кездесуде тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелердің шешілуі, яғни түйіні тарқатылған түйткілдер туралы да айтты. Тұрғындардың талап-тілектері міндетті түрде ескерілетінін, жан-жақты қаралатынын, қордаланған проблемалар кезең-кезеңмен шешілетінін, айтылған ұсыныс-пікірлер мен сын-ескертпелер бойынша тиісті іс-шаралар жоспары әзірленетінін жеткізді. Есепті мерзімде атқарылған жұмыстарды баяндаған Қарой ауылдық округінің әкімі Әсет Үрпеков биыл округке қарасты Сұлутөр ауылындағы А.Үсіпбеков көшесі, Кемел ауылындағы Мұқанов көшесі екі бұрылысымен орта жөндеуден өткізілгенін, Байқоныс және Самал көшелеріне қиыршық тас төселгенін, Ұлы Отан соғысы қатысушыларына арналған монумент орнатылғанын, спорт кешенінің құрылыс-монтаж жұмыстары жасалып жатқанын, Кемел ауылына ауызсу жүйесін тарту жұмыстарын жүргізуге жобалық-сметалық құжат дайындауға аудандық бюджеттен қаржы қарастырылып, аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тарапынан конкурс ұйымдастырылғанын, конкурс қорытындысынан кейін келісімшарт жасалып, сметалық жобасы дайындалатынын, келер жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде қаржыландыруға округтен 9 көше ұсынылатынын жеткізіп, округтегі көшелердің бірқатары жөндеуді, тозығы жеткен электр бағаналары мен сымдары ауыстыруды қажет ететінін алға тартты. Жыл басынан бері жасалған жұмыстарды тілге тиек еткен Полатқосшы ауылдық округінің әкімі Ержан Данаев жергілікті тұрғындардың өтінішімен ағымдағы жылы Жалпақтөбе ауылындағы Масанчи, Я.Шивазы, Цхай көшелері жөнделгенін, Жалпақтөбе көшесі бойында жаңа аялдамалар орнатылғанын, К.Ізбасаров, Бастау көшелерінің электр жүйелеріне жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, Нұрлы жол көшесі жарықтандырылғанын, ендігі кезекте көшеге жол белгілері қойылатынын, Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлеріне арналатын ескерткіш тақтаны орнату келер жылға жоспарланғанын баяндады. Тиянағын тапқан тірліктерді назарға алған ауыл қариялары аудан басшыларына округ әкіміне ілкімді істерді іске асыруда қолдау көрсеткені үшін алғыс айтып, ризашылықтарын білдірді.