Өңірде күнделікті тұтынатын азық-түлік бағасы қымбаттап, өсімдік майы, қант, жұмыртқаның бағасы шарықтады. Қысқасы, қысқы базар қысып тұр. Айналдырған бір аптаның ішінде аталған өнім түрлеріне баға үстемелене түсті. Бағаның күннен күнге қымбаттауына тұрғындар да наразы. Тапқан-таянғанын тамаққа жеткізіп, жан бағып жүргендер көп. Сондықтан олар «баға әлі де көтеріле ме?» деп алаңдаулы.
Бұл тұрғыдан келгенде, ауданда негізгі азық-түлік, азық-түлік емес және ақылы қызмет көрсету бағаларын тұрақтандыру, бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу мақсатында Жамбыл ауданы әкімдігінде тұрақты жұмыс жасайтын штаб құрылған.
Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында барлық ауылдық округтерде мониторингтік топтар құрылып жұмыс атқаруда.
Мониторинг жүргізуге аудан орталығынан 4 ірі сауда орны және әр ауылдық округтан бір негізгі сауда орындары барлығы 20 нысан таңдалды. Сауда орындарынан әлеуметтік сөрелер белгіленді. Сөрелерде сауда орындарында сатылып жатқан негізгі әлеуметтік азық-түлік тауарларының 19 түрі бойынша шекті бағалары көрсетіліп қойылды.
Аудан аумағындағы сауда орындарымен ағымдағы жылдың басында бағаның өсуіне жол бермеу мақсатында 149 меморандумға қол қойылды.
Аталмыш мәселені ауыздықтап ұстап тұруда тұрғындарға негізгі қажетті азық-түлікті арзан бағада ұсынып отырған әлеуметтік дүкендердің тигізер пайдасы мол болып тұр. Қазіргі таңда ауданда 4 әлеуметтік дүкен жұмыс жасайды.
Атап айтқанда, аудан орталығында жеке кәсіпкер «Мәңгілік» басшысы Б.Нүпбаев әлеуметтік дүкен жұмыс атқаруда. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар тауардың 16 түрі бар. Аумағы – 35 шаршы метр.
Сондай-ақ, Аса ауылының тұрғыны жеке кәсіпкер Т.Төлегеновтің келісімімен 2021 жылы 10 мамырында ауылдық округ аумағынан «Арна» әлеуметтік дүкені ашылды. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар 14 түрлі азық-түлік түрі қамтамасыз етілген.
Ал Айша бибі ауылдық округінен жеке кәсіпкер Ұ. Байқонысова «Заңғар» әлеуметтік дүкені 2021 жылы 5 маусымында ашылды. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар тауардың 14 түрі бар.
Бұдан бөлек, Гродиково ауылдық округінен ауыл тұрғыны жеке кәсіпкер «Сулейменова М» басшысы Т. Аманжоловтың келсімімен 2021 жылы желтоқсан айында ашылды. Аумағы 60 шаршы метр. Дүкенде әлеуметтік маңызы бар тауардың 15 түрі қамтылған.
Барлық әлеуметтік дүкендер Жамбыл облысы әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасының әлеуметтік дүкендер тізіліміне енгізілген.
Prev Post
Next Post