Ауданда ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, білім, жол инфрақұрылымы, кәсіпкерлік және туризм саласы бойынша да қол жеткізілген жетістіктер аз емес. Табиғи газ және таза ауыз сумен қамту мәселесі де біртіндеп шешіліп келеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында да біраз игі шаралар жүзеге асырылған. Басылым беттерінде биыл жүзеге асып жатқан жемісті жобалар, әр сала бойынша нақты көрсеткіштерді жарияланып келеді.
Аудан экономикасының даму көрсеткішін йқындайтын тағы бір нысан пайдалануға берілді. Қаракемер ауылының тұрғындары ем-дом алуға дәрігер іздеп аудан орталығына сабылғандарына талай жыл болды. Ауылда медициналық пункттің жоқтығынан тұрғындар коронавирусқа және тұмауға қарсы вакцинаны орталықтағы емханаға келіп ектіруде. Жасы шау тартқан қариялар үшін жолға шығудың машақаты тағы бар. Бұл түйткілдің түйіні тарқатылатына қалың нөпір соңғы кездері күмәнмен қарайтынды шығарған. Десе де, қаракемерліктер тілегі өткен жылдың ақпан айында назарға алынған болатын. Ауыл тұрғындарымен жыл қорытындысы бойынша есептік кездесу өткізген аудан әкімі Сәкен Арубаевқа ауылдың қадірлі қариясы Ошақбай Ибраймов:
– Атқарылған жұмыстар жоқ емес, бар. Елді мекенге газ тартылып, ауылдық клуб салынып, қарашаның айтқан өтініштері орындалуда. Ел игілігі жолында атқарып жатқан жұмысыңызға алғыс білдіремін. Әйтсе де, жергілікті тұрғындардың айтары бар. Ауыл болып, іргемізді тіктегелі медициналық пункттің мәселесін көтеріп келеміз, шешімін табатын түрі жоқ. Ауылда біз секілді қарттар, жастар бар. Буындарымыз сырқырап, сырқаттанғанда амалсыздан ем алуға орталыққа барамыз. Сағаттап кезек күтіп, кеш батырып, келесі күні қайтадан жолға шығамыз. Бұл – мына отырған тұрғындардың бастан өткеріп жатқан жағдайы. Ауылға медициналық пункт керек. Осы мәселеге нүкте қоятыныңызға сенім білдіремін, – деді. Тұрғындар тілегін мұқият тыңдаған Сәкен Қаланұлы талап-тілектерді аймақ басшысының назарына жеткізетінін айтып, уәдесін берген болатын. Сол кездесуден кейін ауылда не өзгерді десеңіз, айтайық. Елді мекеннің көрнекті жерінен 25 соттық аумаққа медициналық пункттің құрылысы қазан айында басталған. Округ әкімі Жәнібек Әуелбаевтің айтуынша, құрылыс жұмыстарын «ҚазМұнайҚұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Бүгінде 25 келушіге арналған ғимараттың шатырын жабу жұмыстары аяқталып пайдалануға берілген. Ауылдықтардың қуанышында шек жоқ. Енді ат терлетіп ауданға жүгірмейді..