Елімізде ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Соның ішінде отандық қызылша тұқымы шаруашылығын оңтайландыруды арттыруға айрықша көңіл бөлініп отыр. Осы ретте қант қызылшасын өсіруге ерекше назар аударыла бастады.
Тәтті түбір – табыстың көзі. Биыл өңір шаруалары 730 гектарға қант қызылшасын отырғызып, бүгінде жиын-терін науқанына білек сыбана кірісіп кетті. Өткен аптаның соңында аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы мен аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Лаурат Аманов бірқатар шаруаның егістік алқабын аралап, балта мырдың өнімділігіне назар аударды. Әуелі өңір басшысы «Қызыл Дихан» өндірістік кооперативінің 70 гектар алқабында болды. Агроқұрылымның шаруашылық ісі жөніндегі орынбасары Жақсынбек Жамансариевтің айтуынша, биыл алқапты жаңбырлатып суару әдісі арқылы ылғалдандырған. – Көп жылғы еңбек жұмыстың жүйеленуіне өз септігін тигізетінін аңғарып отырмыз. Жасыратыны жоқ, жаңбырлатып суару технологиясын енгізгелі жұмысымыз алға басты. Оның үстіне су ысырабына жол берілмейді. Бүгінде 810 тонна тәтті түбірді жинап, қант зауытына өткерудеміз. Бір-екі күнде жұмыс мәреге жетеді. Сондай-ақ келер жылдың өніміне дайындықты да пысықтаудамыз. Қазір К-700 техникасы жер жыртуда, – дейді Жақсынбек Аханбекұлы.
Егістіктегі қызу тірлікке куә болған аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы: – Дұрыс айтасыз. Тәжірибе жылдармен келеді. Биылғы өнім көңіл қуантарлық екен. Судан да тапшылық көрмегендеріңіз көрініп тұр. Өңір шаруалары «Меркі» қант зауытына бүгінге дейін 3111 тонна тәтті түбір өткізді. Жұмыстың аяқ алысын көру үшін келгенбіз. Келер жылдың қарекетіне кірісіп кеткендеріңізді байқадық. Күзгі ауа райы да бұған мүмкіндік беріп отыр, – деді. Мұнан соң Ерлан Қыдыралыұлы Қаракемер ауылындағы «Шарипов» шаруа қожалығының және Шоқай ауылындағы «Кавунжиди» шаруа қожалығының 100 гектарға еккен қант қызылшасын көріп қайтты.
Әлемдегі қант нарығына үңілер болсақ, қант негізінен қант құрағынан және қант қызыл¬шасынан алынады. Қант құрағының өн¬дірісі 1,4 млрд тоннаны құрайды. Ал қант қызылшасының үлесі – 270 млн тонна. Дүниежүзілік қант өндірісінің жалпы көлемі 131 млн тонна болса, оның ішінде қант құрағынан – 98 млн тонна, қант қызылшасынан 33 млн тонна (25,2%) қант шығарылады. Ең ірі қант құрағынан өнім өндірушілер Бразилия – 27,7 млн тонна, Үндістан – 19,9 млн тонна, Қытай – 9,7 млн тонна, АҚШ 2,2 млн тонна өндіреді. Ал қант қызылшасынан АҚШ – 4,6 млн тонна, Германия – 4,3 млн тонна, Франция – 4,2 млн тонна, Ресей – 2,3 млн тонна, Польша – 2,0 млн тонна, Түркия мен Украина 1,9 млн тонна қант алады деуге болады.