Облыс орталығы – Тараз қаласына іргелес Жамбыл ауданының әлеуметтік экономикалық даму көрсеткіші жоғары. Соңғы жылдары өндіріс саласы қарқынды даму жолына түскен. Оны ауданның экономикалық даму көрсеткішінен аңғару аса қиын емес. Атап айтсақ, өткен жылы өнеркәсіп саласында 21,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, нақты индекс көлемі 103,5 пайызды құрады. Ал өңдеу өнеркәсібінде 19,2 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Ауданда өнеркәсіп көлемін көрсететін негізгі кәсіпорындар – «Амангелді газ өңдеу зауыты», «Супер Фарм», «Бином», «Винзавод Южный», «Берсанукаев», «КнауфГипсТараз», «КазУпакТрейд» ЖШС. Осы жылдың І тоқсанында өнеркәсіп көлемі 5,1 миллиард теңгені құрады. Биылға қойылып отырған жылдық жоспар – 22,4 миллиард теңгенің өнімін өндіру. Аудандағы өнеркәсіп өнімінің көлемін 2025 жылға қарай 28 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланған. Яғни «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС-нің шикізат мәселесі шешімін тапса, жылдық қуаты 180 мың тоннадан 260 мың тоннаға арттырылмақ. Сондай-ақ жоғарыдағы межеге 50 мегаваттық «АЕК АСА» ЖШС, тігінді емес материалдардан медициналық бұйымдар шығаратын «Ерсад-2021» ЖШС зауытын іске қосу, «ОргСтрой» ЖШС гипстан тамақ қоспаларын дайындау цехы, «КазФос» ЖШС-нің натрид гексаметофосфатын өндіретін желісін кеңейту арқылы жету көзделуде. «Амангелді газ өңдеу зауыты» ЖШС басшылығы тарапынан зауыттың қуатын 300 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндіктері бар екендігі анықталды. Бүгінгі таңда аудандағы кәсіпорындар жүктемесі 65-80 пайыз көлемінде жұмыс істеп тұр. Алда 80 пәтерлі 4 үйдің (320 пәтер) жобалық-сметалық құжаттары қаржыландыруға ұсынылды. Қосымша 2023-2024 жылдары 2 көп қабатты тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жоба лық-сметалық құжаттары әзірленуде (160 пәтер). Осы 6 тұрғын үй пайдалануға берілген жағдайда кезектілік 33,5 пайызға төмендеп, 480 адам бас панамен қамтылатын болады. Бұдан бөлек, «Асар» жобасымен 9 тұрғын үйдің құрылысы басталуда. Бұдан бөлек, 2022-2023 жылдары 5,6 миллиард теңгені құрайтын 11 жобаның құжаттары қаржыландырылмақ. Ол жобалар аясында Шоқай ауылындағы мектептің, 4 көпқабатты тұрғын үйдің, Аса ауылында теміржол өткелі, Қызылқайнар ауылында 180 орындық клуб және басқа да маңызды нысандардың құрылыстары шешімін таппақ. 2023-2025 жылдары іске асыруға 15 жобаның жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Бүгінге дейін «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде 62 жоба іске асырылып, 183 тұрақты жұмыс орны ашылған болатын. Биыл осы жоба аясында 9 жоба іске асырылғалы отыр.