Талабы жоғары, төзімділікті қажет ететін мамандықтар бар. Солардың бірі – әлеуметтік қызметкерлер. Бұлар – мүмкіндігі шектеулі жандар мен қоғам арасындағы байланыс дәнекері, көпірі. Қазанның соңғы жексенбісінде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтіледі. Мамандықтарын мақтанышпен алып жүрген, мүмкіндігі шектеулі балаларға қолдан келген көмектерін аянып қалмайтын жүрегі мейірімге толы жандардың мерекесі облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының аудандық филиалында да аталып өтілді. Әлеуметтік қызметкерлерді төл мерекесімен аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімініңбас маманы Ерзат Жақыпов арнайы құттықтап барып, дефектолог Нұрбала Абдрасилова, әлеуметтік қызметкер Бота Колдасова, психолог Айнұр Абралиеваны аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің Алғыс хатымен марапаттады. Облыстық мүгедек балаларды оңалту және бейімдеу орталығының директоры Марал Шликованың Алғыс хатына дефектолог Ұлдана Рәпілбек, массаж маманы Шаркүл Далимова ие болды. Ал, аудандық полиция бөлімі жанындағы ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрсейіт Әлімқұлов филиал директоры Жанна Баубековаға «Ана Шапағаты» төсбелгісін тағып, жылы лебізін білдірді. 2014 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан орталық 7 бағыт бойынша қызмет көрсетеді. 30 орындық мекемеде 1,5 жастан бастап 18 жасқа дейінгі мүмкіндігі шектеулі балалар қызмет ала алады. Жалпы саны 25 адам жұмыс істейтін мекемеде бала өзін жайлы сезінуі үшін барлық жағдай қарастырылған. Психолог, логопед, дефектолог, тәрбиеші, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы, музыка, еңбек мұғалімдері мен массаж маманы көмекке мұқтаж бала игілігі үшін қызмет етеді. Мейірім мен қамқорлыққа ерекше мұқтаж балалар күнделікті невропатолог, педиатр дәрігерлерінің бақылауында. – Бұл салада қызмет ету – кез келген жанның қолынан келе бермейді. Себебі, бұл мамандық асқан сабырлықты қажет етеді. Сонымен қатар мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жауапты болу, олардың өмірге деген құлшыныстарын арттырып, қоғаммен байланыстарын үзбеуге себеп болу оңай іс емес, қажырлы еңбекті талап етеді. Балалардың ата-аналарымен де жұмыс істеу қажет. Ерекше балаларға ерекше күтім керек, әсіресе демеу мен жан жылытар жылы сөздің орны бөлек. Бұл істі сүйіп, балаларға барын салып шынайы қамқорлық таныта білетін жандар үлкен жүрек иелері деп білемін, – деген Жанна Иманқұлқызы әріптестерінің қажырлы еңбектеріне алғысын айтты.