Бойында еріксіз мақтаныш сезімін ұялататын туған жеріңнің топырағы киелі де қасиетті. Ауданға қарасты ауылдық округтерде өткізіліп жатқан «Ауылым – алтын бесігім» атты өнер фестивалі бейсенбі күні бірлігі бекем, ынтымағы жарасқан Шайдана ауылында жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Шараға Қарасу және Көлқайнар ауылдық округтеріндегі мекемеұйым қызметкерлері, ауыл жастары т артылып, қызықты өтуіне біркісідей атсалысты. Оларды қолдауға келген жұртшылықтың қарасы қалың болды. Ұйымдастырушылар да, өнерпаздар да, көрермендер де ұлттық киіммен жүріп, қазақилықты дәріптеді. Бұл – ауыл жұртының ұлттық құндылықтарға деген шынайы құрметінің белгісі. Аталған екі ауылдық округтің әкімдері Мади Жанұзақов пен Асылбек Қонаров шараның жоғары дәрежеде өтуіне күш салғанын айтса, ұршық иіріп, жүн сабаған, күбі пісіп, әдет-ғұрыптарды кеңінен насихаттаған әжелер, тоғызқұмалақ, дойбы, шахмат ойындары шараның маңызын аша түсті. Сонымен қатар Алаш арыстары, қазақтың белгілі ақынжазушылары, еліміздің тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктері бейнеленген сурет, кітап көрмелері, қолөнер шеберлерінің бұйымдары көпшілік назарына ұсынылды. Ақ жаулықты әжелер келіндерімен бірге көңге нан пісіріп, диірмен тартып, құрт жасап, қазақ әйелінің тірлігін көпке үлгі етті. Бүгінде ұмыт болып бара жатқан қазақтың салт-дәстүрлері мен әдепғұрыптарының тәлім-тәрбиелік мәні зор. Әсіресе, өскелең ұрпақ ата-бабаларымыздың мирас етіп қалдырған құндылықтарды білуі, көздің қарашығындай сақтауы тиіс. Бұндайда оларға аға буын жол сілтеуші екені белгілі. Мекеме-ұйым қызметкерлерінің салт-дәстүрлерді сахналап, көрініс көрсетуі көпшілік, оның ішінде жастардың арасында өзімізге тән дәстүрлердің кеңінен насихатталуына септігін тигізді. Мерекеге сай безендірілген сахнада ауыл өнерпаздары Тәуелсіздік, Отан, ауыл жайлы жырлап, әуезді әндерін әуелетті. Өнерлі өрендер домбырамен күй тартып, терме орындады. Бұрымдылар ұлттық және өзге де түрлі заманауи билерді биледі. Бір сөзбен айтқанда, концерттік бағдарлама көрерменнің көңілінен шықты, ыстық ықыласы қошеметінен білінді. Айтулы шарада жергілікті тұрғындардың туған өлкеге деген сүйіспеншілігі артып, танымы кеңейді. Барлығы да ауыл тойында жүргендей сезініп, көтеріңкі көңіл күйде бір-біріне жылы лебіздерін жеткізіп, ілтипатын білдіріп жатты. Ұйымдастырушылар мен өнерпаздар көптің алғысына бөленді.
Prev Post
Next Post