Тұрғындардың талап-тілегі тыңдалды

Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы бекітілген кестеге сәйкес Көлқайнар және Қарасу ауылдық округтерінің тұрғындарымен кездесті. Әуелі аталған ауылдық округ әкімдерінің ағымдағы жылдың 10 айында атқарған жұмыстары туралы баяндамасын тыңдап, тиянағын тапқан тірліктерді назарға алды. Екі елді мекеннің 2022- 2025 жылдарға арналған даму жоспарына баса мән беріп, алдағы уақытта қолға алынатын ілкімді істерге кеңінен тоқталып өтті. Бұл екі ауылдық округ жақын күндері газдандырылатынын айтып, ауылдағы ағайынның көңіліне қуаныш ұялатты.
Ә .Тарази атындағы тірек мектебінің акт залында өткен кездесуде көлқайнарлықтар округ әкімі Асылбек Қонаровтың баяндамасынан үстіміздегі жылы Жамбыл ауылындағы Ақтөбе, Жамбыл көшелері, Еңбек ауылындағы Караөзек көше сі мен бұрылысы орташа жөндеуден өткізілгенін, Жамбыл ауылында интернет жылдамдығы арттырылғанын, Тастөбе ауылындағы кіші футбол алаңына жасанды төсем төселгенін, әкімшілік ғимаратына ағымды жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, Көлқайнар ауылын таза ауызсумен қамтамасыз ету үшін арнайы модульді контейнер орнатылатынын, келер жылы Еңбек ауылындағы Қ.Әшімов көшесі, Абай ауылынан Көлқайнар ауылына дейінгі 2,5 шақырым тас жол орта жөндеуден өтетінін, сондай-ақ ауылдық округтің 2025 жылға дейінгі даму жоспарына сәйкес 15 жеке инвестициялық жоба жүзеге асырылатынын, оның аясында 222 жаңа жұмыс орны құрылатынын, бюджет қаражаты есебінен түрлі салалар бойынша 19 жобаны іске асыру жоспар­ ланғанын біліп, ел игілігіне бағытталған игілікті істерді оң бағалады.
Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің акт залында өткен жиында округ әкімі Мади Жанұзақов қарасулықтарға биыл Шайдана ауылындағы С.Көпбергенов, Абай, А. Нұрбаев, А.Жылқыбайұлы көшелері ағымды жөндеуден өткенін, Ашыбұлақ ауылындағы Ә.Үкібаев көшесінен Жапаров көшесіне дейін қиыршық тас төсеуге, Ащыбұлақ ауылындағы «ЖЭС» ЖШС электр желілеріне жаңадан енгізілген ұңғымаларды іске қосуға, 1 ұңғыманы тазалауға қаражат бөлінгенін, «Жомарт түлек» жобасы шеңберінде Шайдана ауылына 50 орындық балабақша салу, «Тоқберген ата» мешіті жанынан «Батыр аналар» аллеясын орнату, Қ.Сартбаев атындағы орта мектептің үлкен футбол алаңын тегістеу, оған жүгіру жолағын жүргізу жоспарланғанын, Шайдана бастауыш мектебі ғимаратының тозуына байланысты 150 орындық жаңа мектеп соғу көзделгенін, алдағы жылы Ащыбұлақ және Шайдана ауылдарындағы Қ.Тубаев көшесін орта жөндеуден өткізуге, Ә.Әлімбаев көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салуға, Жамбыл, Елубаев көшелерін, Қапал көшесі мен бұрылысына, Қапал, Ә.Үкібаев, Ә.Жылқыбайұлы, Ә.Нұрбаев, С.Көпбергенов, Абай, Ә.Жылқыбайұлы, Ә.Нұрбаев, С.Көпбергенов көшелеріне, Абай көшесінің бұрылыстарына қиыршық тас төсеуге, ауылдық округтегі жарықтандырылмаған 7 көшені жарықтандыруға қаражат қажеттігін мәлімдеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.