Жамбыл облысының 2025 жылға дейінгі даму жоспарының стратегиялық бағыттағы мақсаттары мен міндеттерін түсіндіру бойынша құрылған облыстық жұмысшы топ мүшелері дүйсенбі күні аудан әкімдігінің мәжіліс залында аудан активімен жиын өткізді.
Жергілікті кәсіпкерлер мен шаруалар шақырылған жиында жұмысшы топтың хатшысы – облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Надира Жолдасбекова қатысушыларға алдағы үш жылға арналған өңірдің даму жоспары жамбылдықтардың әл-ауқатын арттыруға, табысын көбейтуге, тұрмысын жақсартуға, тұрғындарды жұмыспен қамтуға бағытталғанын айтты.
Сондай-ақ жоспар негізгі 3 бөлімнен тұратынын, бұл бағдарламалық құжатта жеке қаражат есебінен іске асырылатын инвестициялық жобалар көрсетілгенін, 2025 жылға дейін әр ауданда, әр ауылда әлеуметтік нысандар салу көзделгенін, бюджеттік қаражат есебінен іске асырылатын жобалар белгіленгенін, ауқымды даму жоспары арқылы 2025 жылға дейін облыс бойынша 84 000 жұмыс орны құрылады деп жоспарланғанын, оның ішінде өңірімізде 6811 жұмыс орны қалыптастырылатынын сөз етті. Басым бағыттар, яғни ауылды жерлерді, сондайақ ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту стратегиялық мәнге ие екенін алға тартты. Басқосуда облыс әкімдігінің бірқатар басқарма басшылары мен өзге де жауапты тұлғалар күн тәртібіндегі мәселе бойынша хабарлама жасап, мән-жайды егжей-тегжейлі түсіндірді. Негізгі басымдық тұрақты жұмыс орындарын ашу, жұмыссыз жүрген азаматтар мен жастарды тұрақты жұмыс орнымен қамту, жағдайын жақсарту екендігін қадап айтты. Мемлекеттік қолдаулар қолжетімді болатынына, оның ішінде грант, субсидия, кепілдіксіз жеңілдетілген несие алуға қолайлы жағдай жасалатынына, мемлекет тарапынан көрсетілетін жеңілдіктер елді мекендердегі аулаларға, әсіресе тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға жету керектігіне баса мән берді. Даму жоспарының орындалу барысы жіті бақылауда болатынын, ауылдық округ әкімдері ай сайын аудан әкімдеріне атқарылған жұмыстар туралы толыққанды есеп беретініне, аудан әкімдері мен тиісті салалық басқарма басшылары және облыс әкімінің орынбасарларының есебі тоқсан сайын тыңдалатынына назар аударды. Алқалы жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбеков жұмысшы топ мүшелеріне өңірдің даму жоспарын жан-жақты әрі тарқата түсіндіргені үшін ризашылығын білдірді.
Жалпы алғанда тұрғындарды жұмыспен қамту – аса меңызды іс екенін жергілікті атқарушы органдар жете түсінеді. Бұл бағыттағы жұмыстар жыл өткен сайын жүйеленіп, қарқыны үдеп келе жатқанын жамбылдықтардың өзі көздерімен көріп отыр. Әрине, бұл қарапайым халық үшін қуанарлық жағдай екені айтпаса да белгілі.
Prev Post
Next Post