Апта аралығында Аса ауылындағы М.Төлебаев атындағы балалар өнер мектебінде ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті мен «Жамбыл адалдық алаңы» және аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Тәуелсіз елдің ақыны адалдықты жырлайды» атты аймақтық жас айтыскер ақындар мүшәйрасы өтті. Жыр додасына ауданның және өзге де аудандар мен облыстардың сөз шеберлері қатысты. Дарынды өрендердің өнерін тамашалауға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов пен аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев арнайы келді. Аудан ардагерлері де алдыңғы қатардан көрініп отырды.
Айтулы шарада сөз алған Бақытжан Мақсұтұлы: «Әулиеата өңірінің кең жазира даласын жырмен тербеп, өлкенің көк байрағын өнер туымен желбіретіп жүрген ақындарымыз жетерлік. Жыр алыбы Жамбылдың, Ұлбике, Кенен, Сауытбек сынды ақындардың сабақтастығын жалғап, жыр айдынында қадам басқан жастар – мүшәйраның басты кейіпкерлері. Бұл шара өңірдің шығармашыл жастарының шабытын шыңдау, адалдықты дәріптеу, сол арқылы көпшілікке насихаттау мақсатында ұйымдастырылды. Сіздер жыр додасының көрігін қыздырып, көпшілікті рухани азықпен сусындататындарыңызға сенімдімін», – деді.
Ал, республикаға танымал айтыскер ақын Айтмұханбет Исақов мүшәйраның маңыздылығына тоқталып, ұйымдастырушыларға көпшіліктің атынан алғыс айтты.
Жылы лебіздер легінен кейін мүшәйраның негізгі бөлімінде жұптасып айтысқан жас ақындар әзіл-қалжыңы аралас салмақты сөздерді саралап, жарыс көркін қыздыра түсті. Оймақтай ойларын шындықпен шымдап, тақырыптан бір елі алыстаған жоқ. Тәуелсіздікті, елдікті, бірлікті, адалдықты жырға қосып, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Жыр додасында мәйекті өнердің өміршеңдігі көрініс тапты. Нағыз шаппа-шап айтыстың өзі болды. Бұған жас дүлдүлдердің айтыстағы деңгейі – нақ айғақ.
Оларға белгілі айтыскер ақындар Айтмұханбет Исақов, Дидар Апбасов, облыстық «Aq jol» газетінің тілшісі Есет Досалы қазылық етті.
Қазылар шешімімен Сыр елінің жас ақыны Елдар Әмірхан бас жүлдені жеңіп алды. Бірінші орынды жамбылдық бұрымды Алина Айдаралы иеленді. Екінші орын жуалылық Санжар Даярбек пен таластық Айсұлу Жүнісбекке бұйырды. Жамбылдық Әлихан Яшар, қызылордалық Төлеген Айқын, шулық Жомарт Александр, алматылық Сәбит Данияр үшінші орынды місе тұтты. Барлығы да тиесілі дәрежедегі дипломмен және қаржылай сыйлықпен марапатталды.
Сонымен қатар өнерлі өрендердің жетекшілері де назардан тыс қалмады. Республикалық сөз барымтасында атой салып, жүлделі орындардан көрініп жүрген айтыскер ақын Ержан Әміров, алматылық Барат Ерубаев үздік шәкірт тәрбиелегені үшін Алғыс хатпен марапатталды.
Ильяс Қалыбеков