Бастауыш партия ұйымының жиналысы өтті
Сейсенбі күні Б.Тайшапұлы атындағы орта мектептің мәжіліс залында «Өрнек» бастауыш партия ұйымының жиналысы өтті.
Бастауыш партия ұйымының төрағасы Нұрсұлтан Алтынбеков ашып, жүргізген жиынға «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов қатысты.
Жиында Жамбыл аудандық мәслихатының экс-депутаты Талап Әбдібеков күн тәртібіне енгізілген мәселе – партияның 2021-2025 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың аудандық Жол картасындағы 2021-2022 жылдарға жоспарланған көрсеткіштердің орындалуы туралы хабарлама жасады.
– Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асырудың аудандық Жол картасында 86 іс-шара және 14 тармақша айқындалған. Жол картасындағы 86 іс-шараның ішінен 2021 жылға 75 іс-шара және 9 тармақшаны іске асыру жоспарланып, 67 тармақ және 5 тармақша орындалды.
2022 жылға 70 іс-шара және 7 тармақшаны іске асыру жоспарланса, оның 55 тармағы мен 5 тармақшасы жүзеге асырылды.
Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба бағдарламасы бойынша 2021-2022 жылдары тұрақты жаңа жұмыс орындарына – 1624 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 110 адам қабылданып, «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 162 жас жұмыспен қамтылды.
«Аса-Даму» құс фабрикасы өндірісін кеңейту мақсатында 4-ші корпусы құрылысын аяқтады. «Алель Агро» ЖШС-нің құс етін дайындау цехына аудан тарапынан 7 гектар жер телімі ұсынылды. Барлық құжат толық рәсімделген, есептеулер жүргізілген. Құрылыс жұмыстары аяқталып, цех іске қосылды.
«Аса Агро» ЖШС-нің құс етін дайындайтын сою алаңының құрылысына 2,6 гектар жер телімі қарастырылып, бұрынғы тауарлы-сүт фермасының ғимараты сатып алынған. Құрылыс жұмыстары 100 пайызға орындалды. Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде 20 кәсіпкер 107,8 млн теңге көлемінде субсидия мен кепілдеме алды. Қаракемер және Шайдана елді мекендері талшықты оптикалық кабель арқылы кең жолақты интернет жүйесіне, Өрнек, Ерназар елді мекендері «Транстелеком» операторы арқылы интернет жүйесіне қосылды.
2021 жылы аудандық маңызы бар 9,6 шақырым автомобиль жолы мен 9 елді мекеннің ауылішілік 15 көшесі жөнделді. Бүгінгі таңда жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 96,8 пайызды құрап отыр. Аудандағы 42 елді мекеннің 30-ы немесе тұрғындардың 82,6 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілді.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында тұрақты жаңа жұмыс орындарына – 1352 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 114 адам, «Жастар практикасы» бойынша 177 жас қамтылып, шағын несие 196 адамға берілді.
Айшабибі ауылдық округіне қарасты 300 орындық білім ошағы және Қаракемер ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді. Шоқай ауылында 150 орындық мектептің іргетасы қаланып, бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары жүргізілуде, аталған нысанда партиялық бақылау бекеті құрылған.
Халықтың игілігі үшін партияның 2021-2025 жылдарға арналған «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі аудандық Жол картасының орындалу сапасына баса назар аударып, белгіленген жұмыстардың өз деңгейінде орындалуын жүзеге асыру – біздің басты мақсатымыз.
Депутаттық сауалдар халық сұранысы мен талаптарын орындауда ерекше орын алады. Былтырғы жылдың 1 қаңтарынан бастап партия аудандық мәслихаттағы депутаттық фракция мүшелері тарапынан әкімге, мемлекеттік органдардың, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың басшыларына 47 депутаттық сауал жолданды.
«AMANAT» партиясының аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы барлық депутаттардың 73 пайызын құрайтынын ескерсек, мәслихат сессиясының шешімдері фракция мүшелерінің қолдауымен қабылданды деп айтуға негіз бар.
Бүгінгі таңда мәслихат депутаттары 53 қабылдау өткізіп, 107 адам қабылдаған. Нәтижесінде, 19 азаматтың өтініші қанағаттандырылып, 27 азаматқа материалдық көмек көрсетілді, – деді Талап Нышанбекұлы.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша «AMANAT» партиясы Жамбыл аудандық филиалының кезектен тыс XXXVI конференциясына делегаттар сайланып, тиісті шешімдер қабылданды.
Жиынды қорытындылаған Мадияр Әбілханұлы партияның алға қойған мақсат-міндеттерінің орындалуына, бағдарламалық құжаттарының іске асырылу барысына бастауыш партия ұйымының мүшелері үлес қосатынына сенім білдірді.
Мақсат ЖҰМАБАЕВ