Өрнек ауылына 70 жыл күткен газ келді

ӨРНЕККЕ ЖАРТЫ ҒАСЫР КҮТКЕН ГАЗ КЕЛДІ

Жарты ғасырдан астам уақыт бұрын ауыл болып тұрақтаған Өрнек ауылы аудандағы іргелі ауылдардың бірі десек артық айтпаймыз.
Ауыл көшелеріне асфальт төселіп, жарық шамдары орнатылып, ауылда Мәдениет үйі еңсе тіктеді. Мұнан бөлек ауылдық амбулаториялық пунктіні жөндеуге қаржы қаралып отыр. Ауыл орталығында әмбебап спорт кешені де бой көтеруде. Алланың жердегі үйі — мешіт құрылысы да салынуда. «Тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру» жобасы да ауылға енгізіліп, жеңілдетілген несиемен кәсіп ашуға ауылдықтар білек сыбана кіріскен. Аудан орталығынан 30 шақырым қашықтықта орналасқан елді мекенде көп айтылатын мәселелердің бірі — табиғи отын. Ауылдықтар көмір жағудың машақатын әбден тартқан. Тек биыл бұл қиыншылық ескінің парағына еніп кетті.
— Өрнектіктер 70 жыл бойы «көгілдір отынның» тілеуін тілеп келді. Биыл аудан басшысының қолдауымен ауылымыз газға қосылды. Жалпы округте 420 аула бар. Тұрғындардың қуанышында шек жоқ. Әсіресе пеш жағып әбігерге түскен тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың жылулығын сезініп отыр, — дейді Өрнек ауылдық округінің әкімі Қанат Темешбаев.
Ауылдағы іргелі жұмыстар туралы ауыл қариясы Қойшан Битабаров:
— Көмірмен емес, табиғи отынмен үйіміз жылып отыр. Бұл қуанышты қанша жыл күттік десеңізші. Келін болып түскендер газды күтіп бүгінде әже атанды. Бізде бұл жаңалықты қария болғанша күттік. Бастысы — ауылға газ келді. Ауылдықтарды қуанышқа бөлеген облыс, аудан басшыларына алғыстарымызды білдіреміз, — дейді қуанышымен бөлісіп.
Жалпы аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Мақсат Үсеновтың айтуынша, мемлекеттік «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасымен Өрнек ауылын газбен қамту үшін 360 млн теңге қаралған.
Бас мердігері — «AKBARS STORY Ltd» ЖШС 30602 метр газ құбырын жүргізілген. Жұмыстар сапалы әрі талапқа сай жасалынған айтады бөлім басшысы.

Аудан әкімдігінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.