ЖАСТАР РЕСУРСТЫҚ ОРТАЛЫҒЫ ТЕГІН БІЛІМ БЕРЕТІН «ПИФАГОР» ҮЙІРМЕСІН АШТЫ  

Айшабибі ауылында аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің  «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйытқы болуымен ашылғалы жатқан математиканы тереңдетіп үйрететін «Пифагор» үйірмесін жуырда аудан жастарының көшбасшысы Жандар Тоқсаба бізге қуана хабарлаған болатын. Барып көрмекке асықтық. Сәті түсіп, ауа-райының мың құбылғанына қарамастан бейсенбінің ақ таңында осында келдік.

Алдымыздан соққан ақ түтек боран артқа ысырып әлек бізді. Әбіржіткен күн райының суығын осындағы керемет көрініс әп-сәтте жылытып алды.

Балғындардың білімін жетілдіретін мұндағы «Пифагор» үйірмесінің іші гүлмен, шармен безендірілген. Үстелге қаз-қатар отырған балақайлардың бізге қарар уақыты жоқ. Математика пәнінің жаңа иновациялық әдіс-тәсілдеріне кірісіп кеткен. Біз де оны қызықтап, аталған үйірмеге жетекшілік ететін Қазына Яхудаеваның алғашқы сабағына дөп түстік.

– Сіз ұсынған әдісте есепті оп-оңай шешудің жолы көрсетілген ғой, – дедік жан-жақтан балаша қызығып.

Алдына келген оқушыларды жайдары жүзімен күлімдеп қарсы алатын Айшабибі ауылындағы №7 орта мектебінің ұстазы Қазына Ерғалиқызы әңгімені әріден бастады.

– Кітапхананың «Coworking» орталығынан 14-18 жас аралығындағы балаларға арналған математика пәнін тереңдетіп үйрететін тегін үйірме ашылды. Сабақ әр аптаның сейсенбі және бейсенбі күндері өтеді. Білгеніңді жас ұрпаққа үйрету баулу әріден келе жатқан бабалар аманаты. Алдағы уақыттағы мақсатым – оқушыларға математиканы үйренудің ең оңай жолдарын үйретіп, оларды пәндік олимпиадаларға дайындап, аудан мерейін асыру, – дейді жас ұстаз жүзіне күлкі үйіре.

Бір қуаныштысы, шынайы бақытын еріктіліктен тауып, ұстаздық жолында жүрген Қазынаны әріптестері де, оқушылары да ерекше құрметпен, ізгі ілтипатпен қарайды. Бұған дейін талай білім бәйгесінде топ жарып, үздіктер қатарында көрініп жүр. Иә, жас маманға шыққан биігіңізден ешқашан төмендемеңіз дегіміз келеді. Оның жеткен жетістігі, шыққан асуынан гөрі қоғамға берері мол. Бұған шүбәсіз сенеміз…

Тегін білім беретін үйірменің ашылу салтанатына қатысып, құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімдігі жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Жомарт Зұлпыхар жастардың уақытын тиімді пайдалану үшін осындай тегін білім беретін курстардың маңызы зор екенін айтса, аудандық білім бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Қуаныш Бахытұлы аудан мерейін асыратын оқушыларға бар мүмкіндік қарастырылғанын айтып, ұстаз үмітін ақтап жүрген шәкірттерге сәттілік тіледі.

Баланың мектептен кейінгі бос уақытын тиімді өткізгені жақсы. Әдетте, үйірмеге үйіріп, кәдесіне жаратар білімге қаныққаны қымбат. Ол үйірме ауылда, тіпті тегін болғаны ше? Ғажап қой!

Leave A Reply

Your email address will not be published.