Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетілді

Қыдыралыұлы Ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті

Еліміз қашанда Отан алдындағы азаматтық борышына адал болған қаһармандарын кейінгі толқындарға үлгі етіп, ерлігін насихаттап отырады.
1979 жылдың 25 желтоқсанынан 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылған Ауған соғысы мыңдаған адамның өмірін қиды.
Жарияланбаған соғысқа Жамбыл ауданынан 130-дан астам азамат қатысып, 6 жауынгер соғыста қаза тапты.

Бүгін Кеңес әскерлерінің Ауғанстан аумағынан шығарылуына 34 жыл толуына орай аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы майданда ерлік көрсеткен ардагерлермен кездесіп, сый-сияпат ұсынды.
Соғыста қаза болған Нұрлан Омаров, Ережеп Саухатов, Оразғали Тұрсынбаевты қаруластары үнсіздікпен еске алып, естеліктерімен бөлісті.
– Қанша уақыт өтсе де елі барда ерлер есімі ұмытылмайды. Ерен ерлердің ерлігі – бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Тұтас бір ұрпақтың, дәуірдің трагедиясына айналған қарулы жанжал халық жадында мәңгілік сақталады. Егеменді мемлекетіміздің болашағы айқын, бейбітшілігі баянды болсын! Еліміздің аспаны ашық, күніміз жарқын болсын. Бүгінде арамыздағы соғыс ардагерлерін ардақтау азаматтық борышымыз! Сіздер бейбіт елдің мәңгілік қаһарманысыздар, – деді Ерлан Қыдыралыұлы өз сөзінде.
Жылы жүздесуге аудандық Қоғамдық кеңестің төрағасы Рүстем Бегалиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақыт Сырлыбаев және майданда ерлік көрсеткен:
Омаров Нұрлан Амангелдіұлының анасы Омарова Жасан апамыз, Тұрсынбаев Оразғали Шайзадаұлы інісі Тұрсынбаев Талғат Шайзадаұлы және Саухатов Ережеп Бижігітұлының ағасы Бижігітов Тастемір ағамыз және бірқатар зұлматты алаңда жүрген ардагерлер қатысып отырды.

Қазір Жамбыл ауданында 60 Ауған соғысы ардагері бар. Олар тәуелсіз еліміздің дамуына жан-жақты үлес қосуда, әрі өнегелі отбасының отағасы атанып, ұл-қыз тәрбиелеп, елмен етене қызмет атқаруда.

 

Ардагерлер елеп-ескеріп, құрмет көрсеткен басшыларға алғысын білдіріп, естеліктерімен бөлісті

Leave A Reply

Your email address will not be published.