Бүгінгі күні Жалпақтөбе ауылының ортасынан ойып тұрып орын алған оқу ордасы жаңа заман көшіне ілескен еліміздің ертеңі мен болашағы үшін еңбек ететін, білімді де білікті, саналы азаматтарды тәрбиелеуде.
Найла Ергазиева басшылық ететін В.Чкалов атындағы орта мектебінен түлеп ұшқан талай елге танымал, жұртқа мәлім азаматтар баршылық.
Қазіргі таңда олар аймақтың түкпір-түкпірінде, әр салада қызмет атқарып, туып өскен ауылының абыройын асқақтатып, білім алған мектебінің мерейін үстем етіп жүр. Олардың қатарында Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жолдасбеков, кәсіпкер Хайрулла Азимов, Жамбыл облысы бойынша ушу – саньда спорт түрінен аға жаттықтырушысы, облысқа еңбегі сіңген спорт жаттықтырушысы Маюфи Мухидин, Полатқосшы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Ермек Саутбеков сынды белгілі азаматтар бар.
Аталған меймандар апта аралығында «Жомарт түлек» жобасы аясында В.Чкалов атындағы орта мектебінің оқушылармен кездесіп, қанатқақты жобаның жастарға үлгі боларлық мән-мағынасы туралы айтып, заманауи үлгідегі сынып кабинеттерімен танысты.
Мектеп басшысы Найла Сакитқызы түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттаудың маңыздылығына тоқталып, келген меймандарға мектеп ұжымының атынан ризашылығын білдірді.
Өз кезегінде сан салада ел дамуына сүбелі үлес қосып жүрген танымал жалпақтөбелік түлектер мұндай кездесуге шақырту алғандарына қуанып, түлектердің басын қосқаны үшін мектеп директоры Найла Ергазиева мен аудандық білім бөлімінің бас маманы Нұрлан Үсіпбековке алғыс білдірді. Олар кездесу барысында идеялары мен ұсыныстарын айтты.