Қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпымен қатар, ұлттық спорт түрлерін дәріптеу, ел ішінде кеңінен насихаттау қашанда айрықша маңызға ие. Әсіресе, жас ұрпақты төл спортымызға баулу аса маңызды. Бұл ең алдымен ата-бабаларымыздың бүгінгі өскелең ұрпаққа мирас еткен мол мұрасына, көп жылғы тарихымызға деген құрмет. Сара жолды, өзімізге тән дара жолды лайықты жалғастыру, болмысымыз бен ділімізді сақтау ұлттық спортқа көңіл бөлумен байланыстырылады. Ұрпақтар сабақтастығын сақтауға септігін тигізеді.
Осыны қаперге алған аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының директоры Бағдат Нұсқабековтің тікелей қолдауымен Аса ауылындағы атшабарда 2004-2008 жылдар аралығында туылған жасөспірімдер арасында командалық көкпардан аудандық турнир ұйымдастырылды. Ұлыстың ұлы күніне орайластырылған айтулы жарыста жалпы саны 6 құрама команда өзара бақ сынасып, бір-бірімен тартысты да қызықты кездесулер өткізді.
Күн ұзаққа созылған турнирде қарсылас біткенді қапы қалдырған өрнектік көкпаршылар бірінші орынды, жеңімпазға есе жіберген асалық көкпаршылар екінші орынды, үздіктер қатарын түйіндеген түрксібтік көкпаршылар үшінші орынды иеленді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом мен медальдар табыс етілді.
Руслан Өтеп,
Жамбыл аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының әдіскері.