ҚАСИЕТТІ РАМАЗАН АЙЫНДАҒЫ СТАМБҰЛ

Түркияға саяхат – көктем-жаз мезгілдеріндегі туристік бағыттардың көшін бастайды. Бұған себеп – жылы теңізі, жұмсақ құмы, жоғарғы класты қызмет, сәнді әрі сапалы таураларға толы дүкендері, ерекше көрікті, тарихи мекендері мен дәмі тіл үйіретін асханасы.

Түркия Еуропаның оңтүстік-шығысы мен Кіші Азияда орналасқан. Елдің тамаша демалыс аймағына айналуына себеп болған – төрт теңізі. Солтүстігінде – Қара теңіз бен Мәрмар теңіз, батысында – Эгей теңізі, ал оңтүстігінде Жерорта теңізі жатыр. Сондай-ақ, аумағында бірнеше өзендер мен тұзды көлдер кездеседі.

Түркияда демалу үшін Қазақстан азаматтарына виза әзірлеудің қажеті жоқ. Әуежайда шетелдік төлқұжатқа Түркия аумағында 90 күн болуға құқық беретін белгі қойылады.

Бұл елге демалуға келетін саяхатшылардың санында шек жоқ. Әлемнің түкпір-түкпірінен ағылған демалушылардың арасынан еуропалықтарды да, азиялықтарды да көптеп кездестіресіз. Бұл дегеніңіз жыл өткен сайын Түркия еліне келушілердің саны артпаса, кемімеген деген сөз. Анадолы жеріне ағылған туристердің бір ғана арманы бар: ол түрік халқына тән нәрсенің бәріне қанығу, әсем табиғатын тамашалау, тарихи құндылықтарына тәнті болу. Отбасымен, туыс-туғанымен, құрбы-құрдастарымен, достарымен, топ-тобымен қыдырған қауым.

Түркияның ең танымал, тарихи, туристер көп келетін қалаларының бірі – Ыстамбұл.

Стамбұл қаласы – ежелгі Рим, Византия, Осман империяларының астанасы болған тарихи қала. Қара теңіз бен Мәрмәр теңіз жағалауында орын тепкен бұл алып шаһардың тамыры тым тереңде жатыр. “Көне Константинопольдің” “Сырлы Ыстамбұлға” дейінгі жолы тарих толқынының қат-қабат белестері арқылы аян.

Ыстамбұл мемлекеттің ең ірі сауда-саттық, қаржы, өнеркәсіп, мәдени және ғылыми орталығы.

Әдемі келбетімен әлемді сүйсіндіріп, тарихи орындарымен талайды таң қалдырған Ыстамбұл қаласы 2010 жылы Еуропаның мәдени астанасы атанған болатын.

Ыстамбұл қаласында соңғы санақ бойынша 17 миллион адам тұрады. Яғни, бір қаланың өзінде барша Қазақстан халқы өмір сүріп жатыр деген сөз.

Ыстамбұлға келген күннің ертесіне тобымызбен Таксим алаңын көруге бардық.

Таксим алаңы

Таксим алаңы (түрік тілінде Таксим Мейданиге ұқсайды) Ыстамбұлдың еуропалық бөлігінің ең маңызды көрікті жерлерінің бірі және туристер мен жергілікті тұрғындардың ең тығыз қоныстанған жері. Таксим – аты аңызға айналған Истиклал көшесінің бастау алатын жері, онда қымбат қонақ үйлер мен әйгілі мейрамханалар орналасқан. Сондай–ақ күн сайын миллиондаған адамдар өтетін орын. Алаңның дәл ортасында 1928 жылы итальяндық мүсінші Пьетро Каноника жасаған Республика монументі (Cumhuriyet Aniti) орналасқан. Бұл әйгілі ескерткіш Түркия Республикасының құрылғанына орай тұрғызылған. 11 метрлік ескерткіште Мұстафа Кемал Ататүрік және оның адал серіктері – генерал Исмет Инёню және маршал Февзи Чакмак бейнеленген. Қазір бұл алаңда маңызды ресми іс-шаралар, наразылықтар мен пикеттер өтеді.

Таксим алаңында 2021 жылы Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанның бастамасымен ашылған Таксим мешіті бар.

Ресми мәлімет бойынша, мешіт пен оның 30 метрлік мұнарасын салуға төрт жыл уақыт кеткен. Құрылысты Ердоғанның өзі бақылады деседі. Түркия президенті бір сұқбатында осы мешіт салынғанға дейін бұл маңайда намаз оқитын бөлме де болмағанын айтқан екен. Екі мұнарасы бар мешіт кешеніне 4 мың адам сияды, онда көрме залы, кітапхана және тамақтанатын орын бар.

Таксим алаңынан Ыстамбұлдағы ең танымал туристік жаяу жүргіншілер көшелерінің бірі – Истиклал басталады. Оның ұзындығы шамамен 1,5 шақырым. Мұнда әдемі серуен құрып, архитектуралық ғимараттарды тамашалап, түрлі дүкендерді аралап, еуропалық немесе түрік тағамдарынан дәм татуға болады. Сондай-ақ дәл осы көшеде 90-шы жылдардан бері жұмыс істеп келе жатқан тарихи трамвайға мінуге мүмкіндік бар.

Әйгілі Ипподром алаңында зәулім византиялық ескерткіштер ғана емес, Осман империясы кезіндегі тарихи нысандар да бар екен. Солардың бірі – бір кездері Осман империясының бас Визирі Паргала Ибрахим пашаның резиденциясы болған Ибрахим Паша сарайы (Pargalı İbrahim Paşa Sarayı). Ибрагим паша сарайының ғимаратында түрік және ислам өнерінің мұражайы орналасқан. Сарайдың (Ибрахим Паша Сарайы) пайда болу тарихы Сүлеймен сұлтанның өмір тарихымен тығыз байланысты. Сүлеймен Сұлтан туысы мен досына үлкен құрмет ретінде осы сарайды отбасылық мерекелер өткізген екен, яғни дәл осы жердеұлдары – шехзада Мұстафа, Мехмет, Селимді сүндетке отырғызып, қызы Михрима Сұлтанның үйлену тойын жасаған деседі.

Әлемде неше түрлі сұлулығымен тамсандыратын, көздің жауын алатын және таң қалдыратын қалалар бар. Саяхат жасауда әрбір жан өзінің талғамына қарай, рухын көтеретін және жанының тыныштығын табатын қаланы таңдайды. Ал менен қайда барғың келеді деп сұраса мен бар даусыммен Стамбұл деп айтар едім!

Әрине біреулер айтар ол тозығы жеткен жауап қой деп, сонда да Ыстамбұл әрбір жанды өзіне ғашық етер және бүкіл уайым-қайғыңнан арылтар қала деп ойлаймын. Стамбұл өзінің бойында ескілік пен жаңалықты бірдей ұстап тұрған ерекше және сиқырлы  қала. Хандардың тұрған Токкапыдагы сарайлары, Айя Софья және Сұлтанахмет сияқты мешіттер мен қорғандардың ұлылығын көріп Ыстамбұлдыңбекерден Рим, Византия және Осман империяларының астанасы болмағанын түсінесің.

Гүлнар Ертай, Стамбұл.

Leave A Reply

Your email address will not be published.