Түрксіб ауылының тұрғындары жарады

Бірліктің береке екенін ұғынған Бесағаш пен Түрксіб ауылының тұрғындары өткен жылды қоса есептегенде облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Асарлатып үй салу» жобасы аясында мұқтаж деп танылған 4 отбасыға баспана салып берді.
Жұдырықтай жұмылған жұртшылық 5 млн теңгеге ата-анасының қарауынсыз қалған тұрғынға, 3 млн теңгеге ауылдың имамына, 5 млн теңгеге мүмкіндігі шектеулі жанға бірлесіп баспана тұрғызып берсе, бүгін көпбалалы ана 4 бөлмелі тұрғын үйге қолы жетті.

Бүгінгі кейіпкеріміз Түрксіб ауылындағы спорт мектебінде кіші қызметкер болып жұмыс жасайтын Гүлзина Тыныбекова 20 жылдан бері жалдамалы пәтерде тұрып келген.
Кіндігінен 6 бала өрбіген кейуана ешкімге қол жаймай, жағдайын жария етпеген.
Дегенмен тұрғынның жайынан хабардар Бесағаш ауылдық округінің әкімі Бейбіт Нигматуллаев Түрксіб ауылы ақсақалдарының басын қосып, баспанамен қамту мәселесін көтерген.
Қайырлы іске ден қойған түрксібтіктер жылу жинап, қатарлас Кемел ауылы Сұлусаз көшесінен баспана тауып, оны сатып алған.
Әйтсе де, тұрғын үйдің құжаты заңдастырылмағаны көптің қолын байласа керек.
Бұл жұмыстарды мойнына алған Бесағаш ауылдық округі әкімі аппаратының қызметкерлері құжаттардың түбіртегін іздестіріп, толықтай заңдастарып берген.
Тұрғынға баспана кілтін табыстауға келген аудандық мәслихат хатшысы Райымбек Сейітов тұрғындардың ұйымшылдығы мен ауызбіршілігінің арқасында Бесағаш пен Түрксіб елді мекенінде 2 жылда 4 баспана берілгенін мақтанышпен айтып, ізгі істің басы-қасында жүрген Болат Айдарбековке, ауыл қарияларына шексіз ризашылығын білдірсе, мешіт имамы Қыдырбай Тәжібаев қос кілемді отбасына тарту етті.

Ауыл азаматтарын мақтан тұтатынын жеткізген Бейбіт Сұңғатұлы өз сөзінде: «Әр істің басында жүрегі жылулықтан жаралған адам тұратыны белгілі. Ол – Болат Айдарбеков. Қайырлы амал десе аттан түсіп, көмектесуге әзер тұрады. Ауылдың басын қосып ізгі амалдарға жетелейді. Мен сол кісіге алғысымды білдіремін.
Баспанаға бас-аяғы миллион теңге жұмсадық. Енді 6 баласы бар ана жаңа жылды жаңа қоныста қарсы алатын болады. Осындай бастаманың ауыл-аймақта жүзеге асырылуы «Асар» жобасының нәтижесі деп білемін, — деді ол.

Баспана қуанышына кенелген Гүлзина Нұрбекқызы ауыл тұрғындары мен жергілікті әкімдікке аналық алғысын білдірді.

Шара соңында ауылдың қадірлі қариясы Шәбден Байғабылов ақ батасын берді.

Жалпылама айтар болсақ, ауыл-аймақтағы ағайынның басын қосқан облыс әкімінің жобасы аясында өткен жылы өңірде 10 баспана берілсе, биыл 9 бас үй беріледі деп күтілуде. Оның бүгінде 6 қоныс тойын тойлады.
Ізгіліктің нұрына айналған бастаманың шапағатын көрген азаматтар риясыз алғысын білдіруде.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.