Жамбыл облысында пышақталған ауыл әкімінің беті бері қарады.
Дәрігерлер 46 жастағы шенеуніктің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ дейді. Бес күннен кейін ауруханадан шығуы мүмкін.
Ішінен пышақталып жарақат алған. Науқасқа жедел ота жасалған. Отадан кейінгі диагнозы ұйқы безі басының жарақаты. Ота сәтті өтті. Қазір оның жағдайы қанағатты, — дейді Меркі ауданы ауруханасының бөлім меңгерушісі Алмас Парманқұлов.
Меркі ауданы Ойтал ауылының әкімі алты күн бұрын өз жұмыс орнында пышақталған. Суық қару денесінің бірнеше жерін жарақаттапты. Ол осыдан кейін есінен танып, шұғыл ауруханаға жеткізілген.
Дереу ота жасалып, екі күнен кейін әзер есін жиды. Бүгін науқас жалпы палатаға ауыстырылыпты. Әкімге пышақ жұмсаған жергілікті тұрғын екен. Бірақ оның неліктен мұндай қадамға барғаны белгісіз.
Полицейлер 42 жастағы күдіктінің мас болғанын айтады. Сондай-ақ, ол 2013 жылға дейін психдиспансерде тіркеуде тұрған. Қазір күдіктіге қатысты іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.