Ұлыстың ұлы күніне орай Аса ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде аудандық бұқаралық спорттық іс-шараларды өткізу орталығының ұйымдастыруымен, «Жастар ресурстық орталығының» қолдауымен жасөспірімдер мен жастар арасында жекпе-жек ұлттық спорт түрінен аудандық ашық турнир өтті. Жас ұрпақты ұлттық спортқа баулу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлтжандылыққа үндеу көзделген жарыстың ашылуында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мұқаш Ескендіров, Ерболат Саурықов, аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев, Жекпе-жек федерациясының президенті Қуаныш Дүйсебаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Мемлекеттік Әнұранымыздың орындалуымен басталған турнирде түрлі салмақ дәрежесі бойынша барлығы 28 жұп өзара кім мықтыны анықтады. Әуелі октагонда 18 жасқа дейінгі 16 жұп өнер көрсетіп, кештің көркін қыздырды. Одан кейін бақ сынасқан 12 жұптың 10 жұбы бәске тігілген арнайы белбеулерге таласты. Бұл ретте, кештің басты жекпе-жегінде асалық Еламан Мұса өзінің қарсыласы Абзал Еламановты 34 секундта айқын басымдылықпен жеңіп, арнайы белбеуді иеленді.
Жарыста асалықтар Нұркен Әжіхан мен Бекжан Аманжолов өз қарсыластарын төрешілердің шешімімен ұтып, диплом және медальмен марапатталғанын айта кеткен жөн.