Облыс әкімінің орынбасары Жамбыл ауданында болды

Ағымдағы жылы ауданымызда ел игілігіне бағытталған ілкімді істер қолға алынып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда. Мәселен, Ш.Ниязбеков ауылындағы 640 оқушыға арналған Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің күрделі жөндеуден өтуі, ауылдағы жаңа тұрғын үй алқабына инженерлік-инфрақұрылым желілерінің жүргізілуі, Аса ауылындағы «Бәйтерек» ықшам ауданына кәріз жүйесінің тартылуы, елді мекендегі шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды тазарту жүйесін қайта жаңарту жұмыстарының жолға қойылуы, жаңа тұрғын үй алқабының инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етілуі, Айшабибі орта мектебіне жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары, ауылдағы жаңа тұрғын үй алқабында инженерлік-инфрақұрылым желілерінің істелуі, жаңа 300 орындық мектептің соғылып жатуы, Жібек жолы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдың салынуы жергілікті тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер.
Ауданымызға іссапармен келген облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековпен бірге жоғарыда аталған ауылдық округтерді аралап, елді мекендерде мықтап қолға алынған игілікті істердің атқарылу барысымен етене танысты. Өңірімізде орналасқан білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қысқы маусымға дайындығын көру ұшін Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің жылыту қазандығына, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің жылыту қазандығына, Жамбыл аудандық орталық аурухананың жылыту қазандығына бас сұғып, жылыту құрылғыларына зер салып көрді. Жауаптылардан қысқы маусымға дайындық жайлы, соған қатысты қандай түйткілді мәселе бар екенін сұрап білді. Барлығы да жылыту маусымына тас-түйін дайынбыз деп үн қатты.
Сонымен қатар Рүстем Рысбайұлы Өрнек ауылына барып, «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бой көтеріп жатқан Мәдениет үйінің құрылысымен танысып, жауапты тұлғалармен жұмыс барысы жайында әңгімелесті. Құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау, қажет жағдайда қосымша жұмыс күшін тарту, сапаға баса мән беру керектігін көлденең тартты. Сондай-ақ, айтулы жоба аясында ауылда жөнделген көшелердің қазіргі жағдайына жіті назар аударып, сапасына мән берді. Жолдардың сапасына көңілі толмаған басшы бұл бойынша жауаптыларға ескерту жасады. Жол-жөнекей «Құмтиын-Өрнек-Ерназар» бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстарын көріп қайтты.
Ильяс Қалыбеков,

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.