Жаңатас қаласына «L-Capital» АҚ акционерлері мен инвесторлары жиналып наразылықтарын жеткізді деп хабарлайды asaaqparat.kz сайты Исламбек Дастанның фейсбуктағы парақшасына сілтеме жасап.
Orda.kz тілшісі оқиға ортасында болып, қазақстандық компания ретінде «Асыл тұз» зауытының акциясын сатып алмақшы болып кезінде қаржы салған қауымның пікірін тыңдап, жазып алды.
Жүзден астам жиналған халық Тараз, Шымкент, Алматы қалаларынан осы жиынға арнайы келіпті. Олардың жиналған басты себебі – кезінде өздері акционер боламыз деп қаржы жинаған «Асыл тұз» зауыты сот шешімі бойынша сатылымға шығарылуы мүмкін.
Олар «L-Capital» АҚ ешқандай қаржылық пирамида емес, Жаңатас қаласындағы «Асыл тұз» зауытын тұрғызған акционерлер тобы деген мәлімдеме жасады.
— Биыл үшінші жылға кетті біздің «L-Capital» АҚ тергелуде, кейбіреулер компанияны «қаржылық пирамида» деп жала жауып отыр. Осы тұрғыдан Бас прокуратураға айтар шағымдарымыз бар. Біз бұндай айыппен келіспейміз, бұған қарсымыз, біз ешқандай «қаржылық пирамида» емеспіз. Заңды түрде акция сатып алғанбыз, акцияларымыз заңды тіркелген. Компанияда 4138 жеке тұлға бар, бәріміз – акция иесіміз, 10 заңды тұлға – акионерлеріміз де бар, – дейді жиналғандар.
Өздерін акционерлерміз деп атаған топ 2021 жылы арыз жазғандарын айтады. Салдарынан 2 жыл бойы тергеу жүргізіліп, ол аяқталған. Олардың айтуынша енді «Айыптау актісі» беріліп, осында жиналған заңды акционерлердің бәріне тиесілі зауыт та сол «Айыптау актісіне» кіріп кеткен.
Нәтижесінде заңға сәйкес, бұндай жағдайда зауыт тәркіленуі мүмкін. Сондықтан зауыт акционерлері жиналып, зауыттың тәркілеуіне қарсы шығып отыр.
— Біз бұл жерде қарапайым халық, қазақстандықтармыз. Бір апта бұрын біз Бас прокуратураға барғанбыз. Ол кісі қарастырып, істі қайта ашып, тергеуді жалғастырған. Бірақ жаңағы тергеушілер, атап айтқанда Сарсекеев деген тергеу тобының жетекшісі біздің құқықтарымызды бұзып отыр. Бізді естімей, мүлкімізді басқа – үшінші тұлғаға бермекші. Бұған осында жиналғандардың барлығы қарсымыз, – деп өз ойын жеткізді топ белсендісі Ләйла Қадырова.
Жиналғандар өз үндеулерін Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевқа, Бас прокуор Б.Асыловқа жолдады.
Orda.kz редакциясы өз тарапынан даудың соңына нүкте қоятын, істің ақ-қарасын ақтарып, заңды шешім қабылдайтын құзырлы орындар бар екенін еске салады.