Жексенбі, 2 сәуір күні Алматы уақыты бойынша сағат 16:56-да жер сілкінісі тіркелді. Дүмпу Қазақстан аумағында болған. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі «СОМЭ» ЖШС ресми сайтында хабарлады.
Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде Қазақстан аумағында орналасқан. Жер сілкінісінің энергетикалық класы 8.2. MPV магнитудасы – 3,6. Тереңдігі – 10 км. Қабылдау туралы ақпарат (MSK-64 шкаласы бойынша): Алматы қаласы – 2 балл.
Қалалық Төтенше жағдайлар департаменті өзара іс-қимыл алгоритміне сәйкес тиісті мемлекеттік органдарға хабарланғанын, қираулардың болуына, тіршілікті қамтамасыз ету нысандарының жұмысына мониторинг жүргізілгенін, «Қазселденқорғау» қызметкерлері өзен арналарын тексеріп жатқанын, сондай-ақ гидротехникалық құрылыстарды зақымданудың бар-жоғына тексеру жүргізетінін атап өтті.
Алматы қалалық полиция департаментінің жедел кезекшісіне қаланың ғимараттары мен құрылыстарының қирауы мен бүлінуіне көзбен шолу жүргізу бойынша мәліметтер жинау үшін ақпарат берілді. Патрульдік бағыттар бойынша ештеңе байқалған жоқ, жағдай тұрақты.
asaaqparat.kz