Бұрымдылар топ жарды
Таяуда Алматы қаласында 2010-2013 жылдар аралығында туылған жасөспірім қыздар арасында дзюдодан Ұлы Отан соғысының ардагері Қален Әлиевті еске алуға арналған ашық республикалық турнир өтті. Оған еліміздің барлық өңірінен 500 жасөспірім қыз қатысты.
Байрақты бәсекеде бақ сынаған біздің ауданның өрендері бозкілем үстінде жақсы өнер көрсетіп, жүлделі орындарды иемденді. Нақтырақ айтқанда, №12 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің балуандары, бапкер Аңсар Төлебаевтың шәкірттері 2 алтын, 2 қола медаль иеленді. 30 келі салмақта күрескен Сезім Сланбек татамиде карсыластарын қапы қалдырып, алтыннан алқа тағынды. Жеңісті жорығын жалғастырған аудан мақтанышы Аяла Амангелді де қарсылас шақ келтірмеді. Ол бұл жолы +40 келі салмақта топ жарып, алтын алды. Ал жартылай сында қарсыластарына есе жіберген Аружан Сүйінбек (27 келі) пен Адия Беркінбай (30 келі) өз салмақ дәрежелерінде үздік үштікті түйіндеп, қоланы місе тұтты.
Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері грамотамен, медальдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Жамбыл ауданы, Аса ауылы