Әлемдегі ең бай адам анықталды. Былтыр бұл тізімде көш бастаған кәсіпкер Илон Маск екінші орынға сырғыды.
Forbes нұсқасы бойынша әлемдегі ең бай адамдардың жыл сайынғы рейтингінде биыл LVMH тобының (Christian Dior, Louis Vuitton, Moet&Chandon брендтері) иесі Бернар Арно көш бастады. Кәсіпкер мен оның отбасының байлығы 211 миллиард доллар деп бағаланған (алдыңғы жылы 158 миллиард доллар болған). 2022 жылғы дағдарыстан кейін француз кәсіпкері тізімдегі капиталы 200 миллиард доллардан асатын жалғыз миллиардер болған. Екінші орында былтырғы рейтингтің көшбасшысы, Tesla басшысы және SpaceX компаниясының негізін қалаушы Илон Маск тұр. Биыл оның байлығы 180 миллиард доллар деп бағаланып отыр. Жыл ішінде акциялардың құлдырауы мен пайыздық мөлшерлемелердің өсуіне байланысты Маск шамамен 40 миллиард доллар жоғалтқан. Рейтингтегі үшінші орында Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос тұр. Оның таза байлығы 2021 жылы 171 миллиард доллардан 2022 жылы 114 миллиард долларға дейін төмендеген. Былтырғы сияқты биыл да топ-5-ке Oracle корпорацияның негізін қалаушы Ларри Эллисон (107 миллиард доллар) және Berkshire Hathaway компаниясының бас директоры Уоррен Баффет (106 миллиард доллар) кірген.
Әлемдегі бай адамдардың бірі — Microsoft корпорацияның негізін қалаушы Билл Гейтс 104 миллиард доллар (былтыр 129 миллиард болған) байлығымен биыл төртінші орыннан алтыншы орынға төмендеген. Ал Forbes нұсқасы бойынша биыл әлемдегі ең бай әйел адам атағын L’Oreal компаниясының тең иесі Франсуаза Бетанкур-Майерс иеленді. Оның отбасылық байлығы 80,5 миллиард долларға бағаланған. Forbes-тың есептеуінше, биыл миллиардерлердің жалпы байлығы 12,2 триллион долларды құрайды. Басылым былтырғы жылдың наурыз айымен салыстырғанда бұл көрсеткіш 500 миллиардқа азайғанын атап өтті.