Қазіргі таңда Жамбыл облысы Сарысу ауданындағы «Қазфосфат» ЖШС «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінде жағдай тұрақты деп хабарлайды asaaqparat.kz Жамбыл облысы әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап. Айта кетейік, бүгін (2023 жылдың 13 сәуірінде) сағат 10:00-13:00 аралығында Жаңатас қаласында орналасқан «Казфосфат» ЖШС филиалдарының бірі «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бірнеше цех жұмысшылары жиналып, наразылықтарын білдірді.
Жиналған 150-ге жуық жұмысшы бұған дейін қойылған және басқа да талаптардың орындалу барысын сұрады.
Оқиға орнына Сарысу ауданы әкімінің міндетін атқарушы С.Мамытов, аудан прокуроры Д.Алдабергенов, ҰҚК бөлім басшысы А.Айбосынов, мәслихат төрағасы Ш.Мұсабеков пен аудандық мәслихат депутаттары, «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е.Сариев барып, өндіріс жұмысшыларымен кездесіп, мәмілеге келіп, ортақ шешім қабылданды.
Кездесу нәтижесінде тау-кен өңдеу кешені жұмысшыларының бұрын ұсынған әлеуметтік-тұрмыстық талаптарын шешу үшін татуластыру комиссиясын (әр цехтан 5 өкіл және аудандық мәслихат депутаттары) құру жөнінде жалпы шешім қабылданды.
Комиссия төрағасы болып «Қазфосфат» ЖШС директорының орынбасары Е. Сариев сайланды.
ЖШС басшылығы жұмысшылардың талаптарын орындау мүмкіндігін жан-жақты қарастыратын болады.