asaaqparat.kz
Рамазан – қайырымдылық айы. Игі істерді мейлінше көптеп жасайтын ай. Бұл айдағы игі амалдың, қайырымдылық көмектің сауабы сансыз. Ардақты Мұхамед Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Осы айда Аллаға бір ізгі қасиетпен жақындаған жан басқа уақытта парыз орындағандай. Ал осы айда парыз амалын орындаған адам басқа уақытта жетпіс парыз орындағандай», деген екен. Сондықтан әрбір мұсылман баласы игілікте теңдесі жоқ осы айда Жаратушы иесіне жағатын істер жасайды.
Бұл ретте, аудандық «Бәйдібек» мешіті көптеген игілікті істерге ұйытқы болып отыр. Ауданның бас имамы Ғайырфулла қажы Қуанышбекұлы қайырымды істердің басы-қасында жүр. Оның айтуынша, Рамазан айы басталғалы бері, аудан көлемінде күнделікті қайырымдылық шаралары ұйымдастырылуда.
Оған аудандағы кәсіпкерлер, белсенді жастар үн қосуда. Олардың көмегімен тұрмысы төмен көпбалалы отбасыларға азық-түлік себеттері үлестірілді. Ал ауыл имамдары кәсіпкерлердің демеушілігімен әлеуметтік жағынан аз қамтылған 165 отбасыға көмек көрсетті. Ай бойы қайырымдылық жасап, көпбалалы, тұрмысы төмен отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қайырымды іске үлесін қосқан арда азаматтарға ел-жұрт та риза.
Айта кетерлігі, аудандық «Бәйдібек» мешіті пітір садақадан жиналған қаражатқа 20 отбасыға қайырымдылық жасады.