Бәрекелді: Әкім айтқан екен орындады

 

Бүгін Жамбыл ауданының әкімі Сәкен Арубаев Аса ауылы «Бәйтерек» ықшам ауданындағы кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарының барысымен танысты.

Естеріңізде болса, тұрғындар өтініші бойынша 2020 жылы өңір басшысы мұндағы кәріз жүйесіндегі кемшілікке көз жеткізген еді.
Айталық, бастапқыда яғни, 2018 жылы екі қабаттан тұратын тұрғын үй тұрғызылған. Кейін жапсарлас тағы осындай пәтер салынып (2019 жыл), кәріз жүйесіндегі сорғыш құрылғысының қуаттылығы екі нысанға қызмет көрсетуге жетпеген.

Салдарынан ұңғымыдан су сорғыш техникасы тәулігіне бірнеше мәрте тұрмыстық ағындыны алып, тазалауға мәжбүр болған.

Жұртшылықтың талап-тілегін ескерген өңір басшысы келер жылы бұл жұмыстар реттелетінін сол тұста айтқан еді.(Суретте. 24.09.2020ж)

Бүгінде кәріз жүйесінің құрылыс жұмыстарына мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы шеңберінде қаражат қаралып, құбырлар тартылуда.
Ұзындығы 3,4 шақырымды құрайтын кәріз құбыры шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды тазарту жүйесіне барып қосылады.
Мердігер компанияның сөзіне сүйенсек, жұмыстардың 75 пайызы аяқталған. Жыл соңына дейін кәріз жүйесі іске қосылатын болады.

Құрылыс жұмыстарын көрген Сәкен Қаланұлы талаптардың сақталуына, сапаға зерделеу жүргізілетінін айтып, халық қажетіне жасалған игілікті кемшіліксіз жасау керектігін ескертті.
– Бұл көптің көңілінде жүрген жайт болатын. Жұмысшыларда, тұрғындарда әбігерге түскен. Жуық арада оның бәрі артта қалады. Жасалған жұмыста кесшілік болмауы қажет, — деді аудан әкімі сала басшыларына.

«Сөзден – іске» демекші, бұл пәтер иелерінің көңілін күпті еткен мәселе еді. Бүгінде шешімі табылып отыр.

Ақжігіт Жетпісбай,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.