САПАҒА МӘН БЕРУ КЕРЕК

облыс әкімінің орынбасары осылай деді

Ағымдағы жылы ауданымызда ел игілігіне бағытталған ілкімді істер қолға алынып, мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылуда.

Мәселен, Ш.Ниязбеков ауылындағы 640 оқушыға арналған Ә.Ысмайылұлы атындағы орта мектептің күрделі жөндеуден өтуі, ауылдағы жаңа тұрғын үй алқабына инженерлік-инфрақұрылым желілерінің жүргізілуі, Аса ауылындағы «Бәйтерек» тұрғын үй алқабында кәріз жүйесінің тартылуы, елді мекендегі шаруашылық-тұрмыстық ағынды суларды тазарту жүйесінің қайта жаңартылуы, жаңа тұрғын үй алқабының инженерлік-инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз етілуі, Айшабибі орта мектебінің күрделі жөнделуі, ауылдағы жаңа тұрғын үй алқабында инженерлік-инфрақұрылым желілерінің іске қосылуы, жаңа 300 орындық мектептің бой көтеруі, Жібек жолы көшесі бойындағы жаяу жүргіншілерге арналған жолдың салынуы – жергілікті тұрғындардың игілігі үшін жасалып жатқан дүниелер.

Ауданымызға арнайы келген облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Несіпбековпен бірге жоғарыда аталған ауылдық округтерді аралап, елді мекендерде мықтап қолға алынған игілікті істердің атқарылу барысымен етене танысты. Өңіріміздегі білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің қысқы маусымға дайындығын көру үшін Ә.Ысмайылұлы, Ю.Гагарин атындағы мектеп-лицейінің, аудандық орталық аурухананың жылыту қазандықтарына бас сұғып, ондағы құрылғыларға зер салды. Жауапты мамандардан суық мезгілге қатысты қандай түйткілді мәселе бар екенін сұрап білді. Барлығы да жылыту маусымына тас-түйін дайын екенін жеткізді.
Рүстем Рысбайұлы Өрнек ауылындағы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде бой көтеріп жатқан Мәдениет үйінің құрылысымен танысып, жауапты тұлғалармен жұмыс барысы жайында әңгімелесті. Құрылыс жұмыстарын уақтылы аяқтау, қажет жағдайда қосымша жұмыс күшін тарту, сапаға баса мән беру керектігін көлденең тартты. Сондай-ақ, айтулы жоба аясында ауылда жөнделген көшелердің қазіргі жағдайына жіті назар аударып, сапасына мән берді. Жолдардың сапасына көңілі толмаған облыс әкімінің орынбасары жауаптыларға ескерту жасады.
Жұмыс сапарының соңында Құмтиын-Өрнек-Ерназар бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстарын көріп қайтты.

Ильяс ҚАЛЫБЕКОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.