Алтай Стамқұлов қоғамдық қабылдау өткізді

Жалпақтөбе ауылында аудандық мәслихаттың депутаты Алтай Стамқұлов қоғамдық қабылдау жүргізіп, жергілікті жұртшылықтың мәселесін тыңдады.

Ауыл тұрғыны Мубара Аширова АӘК (атаулы әлеуметтік көмек) ала алмай жүргенін, Инаят Ералиева Жалпақтөбе көшесінде орналасқан №14 үйдің тұсына аялдама қажеттігін, Нұржан Қайыржан тозығы жеткен Жамалов көшесіне асфальт төсеу сынды мәселелерді көтерді.

Халық қалаулысы бірінші мәселе бойынша тұрғылықты мекен жайын ауыстырған жағдайда жәрдемақыға қол жеткізетінін тілге тиек етсе, аялдама мәселесі жөнінде жауапты мекемеге депутаттық сауал жолдайтынын жеткізді.

Округ әкімі Ержан Данаев күрделі жөндеуді қажет ететін Жамалов көшесіне апта аралығында жөндеу жұмыстары басталатынын хабарлап, құрылыс жұмыстары бақылауда болатындығын айтты.

Айшабибіде өткен қоғамдық қабылдауда ауыл тұрғыны Жарқын Қалыбаев Асқаров, Ұлытау көшелеріне жарық беру, Дархан Әшіров Айша бибі кесенесінің бұрылысына бағдаршам қою, Әзілхан Ермеков ауылға жаңа ауыз су мұнарасын салу, Рүстем Керуенов Абудалков көшесін асфальттау туралы ұсыныстарын жеткізді.

Тыңдалған өтініштерді бақылауға алып, оңтайлы шешілуіне ықпал жасаймын деген Алтай Әбдіжапарұлы барлық сауалдарға ҚР заңдылықтарына сәйкес жауап берді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.