ДЕНІ САУДЫҢ – ТӘНІ САУ
«Дені саудың – тәні сау» деп бекерден-бекер айтылмаған. Дені сау ұлттың болашағы баянды, денсаулығы мықты болады. Бұл өз кезегінде ұрпақтың келешегіне де үлкен әсерін тигізеді. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында елдегі денсаулық сақтау саласына айрықша тоқталған болатын. Ел Президенті денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілгенін, дегенмен, әлі де кешенді жұмыстар қажет екенін, жылдар бойы қордаланған түйткілдер кезең-кезеңімен жүйелі жолға қойылып келе жатқанын айтып өтті. Әрине, тұрғындардың денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру ортақ міндет болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар өңіріміз де мықтап қолға алынған.
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау» Ұлттық жобасы аясында статистика басқармасының соңғы деректеріне сәйкес, ауданда 87634 адамға 35 денсаулық сақтау нысаны қызмет көрсетуде. Ауданда 1 аудандық аурухана,1 аудандық емхана, 1 бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсету орталығы,14 дәрігерлік амбулатория, 15 медициналық пункті, 3 фельдшерлік-акушерлік пункті тұрғындар игілігіне жарап тұр.
Жыл өткен сайын денсаулық сақтау нысандарының саны да артып келеді. Өткен жылдың соңында Қаракемер дәрігерік амбулаториясының жаңа ғимараты қолданысқа берілсе, Қызылқайнар, Айшабибі дәрігерлік амбулатория пунктері күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті.
Биыл Өрнек ауылдық амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сондай-ақ Аса ауылындағы аудандық орталық ауруханасынан бөлек орналасқан жұқпалы аурулар бөлімінің ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалары толықтай дайындалып, мемлекеттік сараптама қорытындысының шешімін алу мақсатында жұмыстар атқарылуда.
Алдағы жоспарларымызға тоқтала кетер болсақ, Шайқорық ауылында 2022 жылы дәрігерлік амбулаториясының құрылысы басталып, жыл соңына дейін қолданысқа беру жоспарлануда. Жобаның құны 219 млн теңгені құрайды. Аудан орталығынан шалғай орналасқан Жаңаөткел ауылында 105 млн теңгеге медициналық пункті ғимаратының құрылысы басталып, биыл ел игілігіне беру көзделуде. 2024 жылы Тоғызтарау, Қостөбе, Қаратау, 2025 жылы Құмтиын, Шоқай, Бәйтерек, 2026 жылы Қоңыртөбе және Қапал ауылдарында медициналық пункті ғимараттарының құрылысын бастау жоспарымызға енгізіліп отыр. Жоғарыда аталған 2024-2026 жылдардағы медициналық пункттер ғимараттарының құрылыстарына қажетті құжаттар толықтай дайындалып, облысы әкімдігінің денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды.