ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәкен Арубаев Қордай ауданына жұмыс сапары аясында жаңадан салынып жатқан мемлекеттік мұрағатының құрылысын көрді. Мұның алдында мекеме қызметкерлері 1953 жылы салынған нысанда жұмыс жасаған. Сенат депутаты жаңа үлгіде бой көтеріп жатқан нысанның құрылысымен танысып, мұрағат қызметкерлерімен кездесу өткізіп, ескі ғимаратты аралап шықты. Архив директоры Қатира Уалиева жалпы архив саласы бойынша бірқатар мәселелерді көтерді. Оның айтуынша, архив қызметкерлері мемлекеттік қызмет түрлерін көрсеткенімен мемлекеттік қызмет статусы берілмегенін, жылына бір ғана архив мекемесі 3000-ға жуық мемлекеттік қызмет түрлерін ұсынатынын, дегенмен айлық жалақы төмен екенін, сала қызметкерлеріне мемлекеттік қызмет статуысы берілсе деген ой-пікірін алға тартты. Жалпы, мекемеде 53 мыңға жуық архив құжаттары сақталуда. Сәкен Қаланұлы айтылған талап орынды екенін, мәселелерді назарға алып, зерделеу жүргізетінін баса айтты.