Балық шаруашылығы – экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың маңызды салалардың бірі. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және жасанды балық өсіру. ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне иек артсақ, еліміздің табиғи су айдындарында жыл сайын шамамен 40-45 мың тоннадай балық ауланады. Бұл көрсеткіш жыл сайын өсіп келеді.
Қазақстанға шамамен 41 мың тонна мұхит пен теңіз балық түрлері (скумбрия және майшабақ) әкелінеді және 25 мың тоннаға жуық балық және балық өнімдері экспортталады. Оның негізгі үлесі терең өңделген өнім (балық филесі) болып табылады. Бұл ретте, отандық балық өнімдері әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болып келеді. Бұл жұмыстардың жандануына ел Президенті ҚасымЖомарт Тоқаев та баса назар аударып отыр. Апта басында ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек Қаракемер ауылында болып, аудан әкімінің орынбасары Ербол Жиенқұловпен бірге «Атамакен» шаруа қожалығының «Форель» балық шаруашылығының жұмысымен танысты. Шаруа қожалығының төрағасы Қуаныш Шайымқұловтың айтуынша, 15 бассейн қазылып, су айдынына 100 мың шабақ жіберілген. Жоба құны – 140 млн теңге. Жылдық өнім 100 тоннаға жетеді. Екі ағайынның бірлесіп ашқан жобасына ризашылық танытқан Қанатбек Қайшыбекұлы жергілікті әкімдік тарапынан көмектер ұсынылатынын алға тартты.