Тұрғындардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, тұрмыс-тіршілігіндегі түйткілдердің шешілуі биліктің қолдауына байланысты. Бұл ретте депутаттар халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналуы тиіс. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы осыны ұғындырып, елмен етене жұмыс істеуге үндейді.
Апта аралығында аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев Қарой, Бесағаш, Қызылқайнар, Гродиково, Полатқосшы ауылдық округтерінде болып, елді мекенде атқарылып жатқан жұмыстарды назарға алды. Жергілікті әкімшілік пен әлеуметтік нысандарды аралап, тыныс-тіршілігімен танысып, қызметкерлердің ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
– Қазір халықтың көзі ашық, көкірегі ояу. Халық үніне құлақ асу, тұрғындардың талаптілегін тыңдау, проблемаларын шұғыл шешу заңмен де белгіленді. Біздегі мақсат – аудан тұрғындарымен тығыз байланыс орнатып, олардың өтініштерін ескере отырып, туындаған мәселелерді дер кезінде шешу, жалпы, өңірдің уақыт талабына сай дамуына жағдай жасау, – деді Мұхтар Бекзатұлы қызметкерлермен болған әңгімесінде.
Түрксіб ауылында жүргізіліп жатқан ауызсу желісі мен Сұлутөрде салынып жатқан спорт нысанына назар аударған мәслихат төрағасы мердігерлерге құрылыс жұмыстарын сапалы әрі уақытында аяқтау керектігін жеткізді. Құрылыс нысандарындағы жұмыс барысы мәслихаттың бақылауында болатынын айтты. Аудандық мәслихат төрағасының ауылдық округтерге сапары кезінде аудандық мәслихаттың аппарат басшысы Серік Спатов пен бөлім басшысы Әділет Бөлегенов бірге жүрді.