Бүгінде елді мекендерде игілікті істердің төбе көрсетуіне себеп болған «Жомарт түлек» жобасы жас ұрпақты елжандылық пен жомарттыққа бастайтын даңғыл жол екенін уақыт көрсетіп отыр.
Жобаның негізгі мақсаты туған жерін, түлеп ұшқан алтын ұя мектебін түлету болып табылады. Перзенттік парызын өтеп жүрген көптеген азаматтардың өнегелі ісін дәріптеуге бағытталған жоба аясында Төле би атындағы орта мектепте игілікті іс-шара өтті. Дәлірек айтқанда, Мұратбек Ержігітов бастаған 1990 жылғы мектеп түлектері мектеп кабинеттеріне қаржылай қолдау көрсетіп, үлкен шкаф, жалюзилерді сыйға тартты. Жомарттық – қазақ халқының қанына сіңген асыл қасиеті. Түлектердің мектепке сый жасауы жас өскіндерге тек үлгі болып қалмайды, бұл рухани жан дүниелеріне өнеге болып таңбаланатын ізгі амал екені сөзсіз.
Лаура МОЛДАБАЕВА,
Төле би атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары.