Кезек күттірмейтін мәселелерді назарға алды

Жамбыл облыстық мәслихатының төрағасы Абдалы Нұралиев жұмыс сапарымен ауданға келіп, аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлымен бірге халыққа қажетті ортақ мәселені назарға алып, әлеуметтік, ауыл шаруашылығы нысандарын аралады.

АСАЛЫҚТАРҒА АСПАЛЫ КӨПІР ҚАЖЕТ

Төраға алдымен Аса ауылындағы темір жол алқабына барды. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы «Қазақстан темір жолы» ҰК АҚның Тараз қаласынан Жаңатас қаласына дейінгі және кері бағыттағы 6 жолақты темір жолдан 1000-нан аса тұрғын өтетінін алға тартып, аспалы көпірдің қажеттігін жеткізді. 2021 жылы көпір салуға жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптама қорытындысы алынған. Биыл сараптаманың соңғы жарамды мерзімі аяқталады. Көпірдің жалпы құны 273 млн 555 мың теңгені құрайды. Көпір ұзындығы – 39 метр, ені – 2,60 метр. Бүгінде құрылыс жұмыстарын жүргізуге қаражат көзі қарастырылуда. Темір жол маңына ауыл тұрғындары да жиналып, мәслихат төрағасынан оқушылардың мектепке барып келуі үшін алаңдайтынын, құрылыс жұмыстарын жүргізуге ықпал етуін сұрады. Ауылдықтардың мәселесін мұқият тыңдаған Абдалы Тоқбергенұлы алдағы уақытта бұл мәселенің шешілуі үшін күш салатынын айтты.

АУРУХАНАНЫҢ ЖАЙ-КҮЙІН КӨРДІ

Мәслихат төрағасы мұнан соң аудандық орталық аурухананың жай-күйімен танысты. Онда бас дәрігер Сейдахмет Шыныбеков 2004 жылы салынған нысанға күрделі жөндеу жұмыстары қажет екенін, аумағы 16725 шаршы метрді құрайтын ғимаратта 115 стационарлық төсек, 35 бөлім, 120 медицина қызметкері жұмыс атқаратынын тілге тиек етті.

ЖЕР УЧАСКЕСІНЕ ЭЛЕКТР ЭНЕРГИЯСЫ КЕРЕК

Мұнан соң Абдалы Тоқбергенұлы Аса ауылындағы тұрғындарға берілген 811 жер теліміне барды. Газ, ауызсу құбыры тартылған алқапта бүгінде тұрғындар үй салуға кіріскен. Үй құжаты кезектілікке сәйкес үлестірілген. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлы аталған алқапқа электр энергиясын тарту мәселесі бар екенін айтты. Өз кезегінде мәслихат төрағасы бұл мәселеден хабардар екенін, қаржы қарастыруға ықпал ететінін жеткізді.

ЕТ ӨҢДЕУ – БАСЫМ БАҒЫТТЫҢ БІРІ

Қаракемер ауылына барған мәслихат төрағасы 90 пайызға аяқталған ауызсу жүйесінің және «Ауыл аманаты» жобасы аясында құрылған кооперативтің жұмысымен етене танысты. 2022 жылы құрылған жеке кәсіпкер Исағали Омаровтың жұмысын да арнайы барып көрді. Ет бағытындағы кәсіпті ашуға 7 млн теңге алған кәсіпкер бүгінде арнайы қора-жайда 15 жылқыны баптап отыр. Етке сұраныс та жоғары. Тіпті еліміздің түкпір-түкпірінен ет алуға келетіндер бар екен. Жас кәсіпкердің жұмысына сәттілік тілеген Абдалы Тоқбергенұлы мемлекеттік қолдаулар туралы да айтып өтті.

ҚАНТ ҚЫЗЫЛШАСЫ АЛҚАБЫНДА

Сапарының соңында Тастөбе ауылындағы «Қызылдихан» өндірістік кооперативінің қант қызылшасы алқабына барған мәслихат төрағасы қарбалас жұмысты көрді. Нуритдин Бегманов басшылық ететін кооператив бүгінде 150 гектарға қант қызылшасын егіп үлгерген. Жергілікті 50 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған. Жаңбырлатып суару әдісі арқылы өнім көлемін арттырып отырған кооперативтің жұмысына риза көңіл танытқан мәслихат төрағасы істеріне береке тіледі. Аудан әкімі Ерлан Қыдыралыұлының айтуынша, биыл аудан аумағында 1500 гектарға тәтті түбір орналастыру көзделсе, 13 шаруа қожалық 200 гектарға қант қызылшасын егіп үлгерген. Ауданға сапарын қорытындылаған Абдалы Тоқбергенұлы ауылдықтардың ұсыныспікірлері мен талап-тілектерін орындауға ықпал ететінін, қаражат көзін қарастыратынын алға тартты.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ, аудан әкімінің баспасөз хатшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.