Бекітілген кестеге сәйкес Айшабибі, Аса, Көлқайнар, Жамбыл ауылдық округтерінің әкімдері округіне қарасты елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Олар ауыл тұрғындарының базынасын біліп, елге ортақ өзекті мәселелерге мән берді. Сондай-ақ ауылдықтар көтерген түйткілдер ескерусіз қалмайтынын, өзектілігіне қарай кезең-кезеңмен шешілетінін жеткізді.
Еркін форматта өткен басқосуда тұрғындар елді мекенде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында көше кезіп жүрген қаңғыбас иттерді жиі аулау, кіреберіс пен шығаберіске бейнебақылау камерасын орнату, жылдан жылға тарылып жатқан жайылым жер мәселесін шешу, ауылішілік көшелерге түнгі жарық орнату, жолдарды жөндеу, ашық жатқан ауызсу құдықтарын жабу керектігін айтып, әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың тұрғын үйіне газ тартуда мемлекет тарапынан қандай көмек көрсетілетінін сұрап білді. Тұрғындардың тарапынан туындаған сауалдарға жауап берген аталған ауылдық округтердің әкімдері өтініш-тілектер мен ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын, ісшаралар жоспарына енгізілетінін, алдағы уақытта тиісті жұмыстар жүргізілетінін жеткізді.