Жақында аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен нашақорлыққа қарсы күрес аясында «Жастар есірткіге бой алдырмасын» тақырыбында «дөңгелек үстел» отырысы өтті.
№1орта мектебінің 6-сынып оқушылары қатысқан шараның мақсаты – адамзат өміріне қауіп төндіріп отырған есірткінің, темекінің зиянын түсіндіре отырып, салауатты өмір салтын ұстануға, жат әрекеттерден аулақ болуға, жан сұлулығымен қатар тән сұлулығын сақтауға тәрбиелеу. Жастарға есірткінің зияны жайлы кеңінен мағлұмат бере отырып, отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа, тазалыққа, денсаулықты қадірлеуге бағытталған шара барысында оқу залының кітапханашысы Нүрипа Манабаева психотроптық заттарды тұтынудың қауіптілігі жайында баяндама жасады. Басқосуға арнайы келген аудандық емхананың жанындағы «Сенім» жастар денсаулық орталығының психологі Айзат Жамалова, орталықтың әлеуметтік қызметкері Құралай Жүнжірбекқызы, аудандық емхананың фельдшері Шарипа Қалисаева нашақорлықтың туындауына әсер ететін факторлар: ересек көрінуге тырысу, ата-ана тарапынан салғырттық, үлкендердің көрсететін жаман үлгілері сияқты біршама себептер мен салдарлар туралы сөз қозғап, тұщымды ойларымен бөлісті. Одан басқа осынау індеттен арылудың жолдары ұсынылып, алдын алу шаралары талқыланды. Шара соңынан көпшілік осынау жат құбылыспен жастар мен уәкілетті органдар ғана емес, жұртшылық болып, қоғам болып күресу қажет деген ой түйіп, қоғамдық, өзекті мәселеге баса назар аударды. Іс-шара барысында сындарлы диалог өрбіп, нәтижеде жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау мен дамыту жұмысын одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар айтылды. Соңынан «Нашақорлық – қоғамға төнген қауіп» атты кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалып, жастардың нашақорлыққа қарсылығы туралы слайд көпшілік назарына ұсынылды.