Ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында қолға алынған «Ауыл аманаты» жобасы биыл Қарасу, Айшабибі, Тоғызтарау ауылдық округтерінде жүзеге аспақ.
Жуырда «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Мадияр Сәмбетов, аудандық мәслихаттың депутаты Нуритдин Бегманов, аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бақытжан Тастеміров, аудандық тіркеу және жер кадастры бөлімінің маманы Перизат Нарбекова жобаны жергілікті тұрғындарға жан-жақты түсіндіру үшін Ащыбұлақ ауылында қоғамдық қабылдау өткізді.
– Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді жан-жақты қолдау, ауыл тұрғындарын аграрлық бизнеске тарту, азықтүлік қауіпсіздігін қамту және жергілікті жұрттың өмір сүру сапасын арттыруға байланысты мәселелерді шешу. Өндірістік кооперативтер құрып, бірігіп жұмыс жасау – бүгінгі күннің талабы, – дейді Мадияр Әбілханұлы.
Айта кететін жайт, жобаға қатысуға кез келген адам өтініш бере алады. Ұсынылған бизнес жоспардың қажеттілігі, тиімділігі ескеріле отырып, шешім қабылданады. Мемлекеттік қолдау нәтижесінде бұл жоба қатысушыларына 2,5 пайызбен несие беру көзделген. Егер мал шаруашылығын қолға алғыңыз келсе, несие 7 жылға, ал басқа кәсіпті нәсібіңізге айналдырар болсаңыз, 5 жылға беріледі. Ол үшін үйіңізді кепілге қоясыз. Өз кезегінде Нуритдин Әбілекұлы жоба аясында 2,5 пайызбен берілетін несиенің ауыл тұрғындарына тиімділігі туралы айтып, қабылдауға келген азаматтардың сауалдарына жан-жақты жауап берді. Тұрғындар жобаның тиімді екенін айтып, қызығушылық танытты. Олар табысын арттырып, өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуге ниетті. Жүздесуде тұрғындар жеңілдетілген несие алу, субсидияға қол жеткізу, сауатты бизнес-жоспар құру және тағы да басқа ауыл мәселелері бойынша сұрақтар қойып, тұщымды жауап алды. Көпшілігі бағдарламаға белсенді қатысуға бел байлап отыр.